Трамп 12 елдің азаматтарына АҚШ-қа кіруге тыйым салды

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Азия, Африка мен Латын Америкасының 12 елінің азаматтарының елге кіруіне тыйым салатын және тағы 7 елдің азаматтарына шектеу қоятын жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды BBC.

Трамп
Фото: Anadolu

Ақ үйдің хабарлауынша, Ауғанстан, Мьянма, Чад, Конго Республикасы, Экваториалды Гвинея, Эритрея, Гаити, Иран, Ливия, Сомали, Судан мен Йемен азаматтарына АҚШ-қа кіруге тыйым салынған.

Бұл тыйым 9 маусым күні күшіне енеді.

Сондай-ақ Бурунди, Куба, Лаос, Сьерра-Леоне, Того, Венесуэла мен Түрікменстан азаматтарына ішінара кіруге тыйым салынды.

Дональд Трамп кейбір мемлекеттердің азаматтарына елге кіруіне бірінші президенттік мерзімінде-ақ тыйым салған еді. Бұл оның 2017 жылғы президент лауазымында қабылдаған алғашқы шешімі болатын.

Трамп ол кезде Ливия, Сирия, Йемен мен Сомали азаматтарын шекарадан өткізбейтін болды. Кейінірек тізімге Солтүстік Корея, Венесуэла мен Чад азаматтары да қосылды.

Тыйым салуға қатысты шешім соттарда бірнеше мәрте қаралып, өзгертілді. Алайда АҚШ Жоғарғы соты оны Конституцияға сай деп тапты.

Бұған дейін АҚШ-тың Сириядағы әскери қатысуын қысқартып, бір ғана базаны қалдыратыны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар