Трамп: АҚШ есірткі картельдеріне соғыс жариялады
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үй лаңкестік топ деп санайтын есірткі картельдерімен соғысып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы әкімшіліктің осы аптада Конгреске жіберген құпия хабарламасында айтылған.

The Hill мәліметінше, Ақ үй басшысы осылайша АҚШ-тың өткен айда Кариб теңізіндегі кемелерге жасаған әскери соққысына заңды негіз берді.
Конгрестің ұлттық қауіпсіздік комитеттеріне жіберілген хабарламаға сәйкес, Трамп Құрама Штаттардың «осы тағайындалған лаңкестік ұйымдармен халықаралық емес қарулы қақтығыста» екенін анықтады.
— Президент Қорғаныс министрлігіне қарулы қақтығыс заңдарына сәйкес оларға қарсы операциялар жүргізуді тапсырды, — делінген АҚШ Конгресінің өкілдері алған хабарламада.
Хабарламада қазір санкцияға ұшыраған лаңкестік ұйым ретінде танылған картельдердің ешқайсысы аталмаған.
Сондай-ақ хабарламада 15 қыркүйекте болған кемеге жасалған шабуылды — үш адамның өліміне әкелген АҚШ әскери күштерінің жақында жарияланған соққысын ақтау әрекеті байқалады.
Еске сала кетсек, 15 қыркүйекте АҚШ президенті Дональд Трамп Кариб теңізінің халықаралық суларында екінші кемеге соққы берілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл шағын кеме Венесуэлаға тиесілі болған және АҚШ-қа есірткі тасымалдап бара жатқан.