Трамп АҚШ пен Қытай арасындағы келіссөздерде «үлкен ілгерілеу» болғанын мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM – Швейцарияда өткен келіссөздер барысында АҚШ пен Қытай «толық қайта жүктеу» жөнінде келісті, деп мәлімдеді АҚШ президенті Дональд Трамп. Ол кеңесулердің алғашқы күнін «өте жақсы» деп атады, деп хабарлайды BBC агенттігі.

Трамп АҚШ пен Қытай арасындағы келіссөздерде «үлкен ілгерілеу» болғанын мәлімдеді
Фото: Jason Lee

— Көп нәрсені талқыладық, көптеген мәселелер бойынша келісімге келдік. Үлкен ілгерілеушілікке қол жеткіздік, — деп жазды Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде, алайда нақты не туралы екенін нақтыламады.

АҚШ пен Қытай делегациялары бұл демалыс күндері Женевада екі күндік келіссөздер өткізіп жатыр. Мақсаты — Трамп сәуір айының басында бастаған сауда соғысын жеңілдету. Оның бастамасымен АҚШ Қытай тауарларына салынатын кедендік тарифтерді күрт көтерген еді. Бұған жауап ретінде Пекин де тарифтерді арттырды. Нәтижесінде салық мөлшері 100%-дан асып, екі ел арасындағы сауда іс жүзінде тоқтап қалған.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, сенбі күні өткен делегациялар кездесуі сегіз сағатқа созылып, жексенбі күні таңертең жалғасады. Бұл — сауда соғысы басталғалы бері қос елдің жоғары лауазымды өкілдерінің алғашқы бетпе-бет кездесуі.

Бұған дейін Трамп Ақ үйдің «Розалар бағы» алаңында мәлімдеме жасап, АҚШ-тың жаңа тарифтік саясатын жариялаған еді.

Ол алдымен Қытайға салынатын тарифтерді 125%-ға, кейін 145%-ға дейін көтерді. Өз кезегінде Қытай АҚШ тауарларына тарифті 125%-ға дейін арттырды.

Бұған дейін хабарланғандай, Қытай тауарларын АҚШ баж салығын айналып өту үшін Оңтүстік Корея өнімі ретінде көрсетіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар