Трамп АҚШ президентінің жалақысын неге алмайтынын айтты

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп CBS News арнасының «60 минут» бағдарламасына берген сұхбатында республикашылдардың аралық сайлаудағы жеңілісіне қатысты пікір білдіріп, демократтармен алдағы жұмыстың жайын сөз етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Трамп объяснил, почему не берет зарплату президента США
Видеодан алынған скрин

Трамп республикашылдардың сайлаудағы жеңілісіне Иранмен арадағы соғыс әсер еткенін айтты.

— Меніңше, олардың соғысқа қарсы болуының басты себебі де осы. Өйткені Иранның ядролық қаруы болмауы керек дегенге бәрі келіседі деп ойлаймын. Иран ешқашан ядролық қаруға ие болмайды. Бір қызығы, Израильге деген өшпенділік те күшті. Жұрттың Израильге көзқарасы теріс сияқты, — деді Дональд Трамп.

Сондай-ақ ол соғыстан әрдайым алыс жүруге тырысқанын айтып, осы уақытқа дейін сегіз қақтығыстың шешімін тапқанын жеткізді.

Жүргізуші аралық сайлаудан кейін соғысты өршіту жоспары бар-жоғын сұрағанда, Трамп: «Жоқ, ондай жоспарым жоқ. Бұған ешқандай себеп те, негіз де көріп тұрғаным жоқ», – деп жауап берді.

Бұған қоса ол соғыс кезінде АҚШ қорғауына алған елдер Вашингтонның әскери шығындарын өтейтінін айтты.

– АҚШ қорғауына алған елдердің барлығы соғысқа байланысты шығынның бәрін өтейді. Біз жұмсалған қаражатты толық қайтарып аламыз. Мен оларға мұны айттым, олар шығынды толығымен өтейді. Өйткені АҚШ-тың қолдауынсыз олар қазіргідей жағдайда болмас еді. Америка болмаса, Израиль де болмас еді, – деді Дональд Трамп.

Сұхбат барысында АҚШ президенті Демократиялық партиямен қарым-қатынасты дамыту мүмкіндігіне де тоқталды. Оның айтуынша, көптеген демократпен «қарым-қатынасы жақсы» және олармен бірлесе жұмыс істей алады.

Бұдан бөлек жүргізуші Трампқа тағы да импичмент жариялануы мүмкін бе деген мәселені де көтерді. Ақ үй басшысы мұндай шешімге негіз жоқ екенін айтты.

– Мұндай жағдайды елестете де алмаймын. Сонда мен не істеп қойдым? Президенттігімдегі ең табысты екі жыл осы болды, – деді Дональд Трамп.

Сондай-ақ президент Қорғаныс министрі Пит Хегсетке импичмент жариялау жөніндегі талаптарды орынсыз деп санайтынын айтты.

– Олар оған импичмент жариялағысы келеді. Бұл – үлкен әділетсіздік. Біз екі соғысқа қатысып, екеуінде де жеңіске жеттік. Венесуэлада да, Иранда да жеңдік, – деді Дональд Трамп.

Трамп өзінен кейін АҚШ президенті қызметіне келуі мүмкін тұлғалар қатарында вице-президент Джей Ди Вэнс пен Мемлекеттік хатшы Марко Рубионы атады. Ол Рубионы лайықты кандидат деп бағалады.

Бұдан бөлек Трамп президенттікке үміткер болатын өзге де тұлғалар бар екенін айтып, олардың есімдерін атаудан бас тартты.

– Басқа да үміткерлер көп. Олардың арасында бірнеше мықты сенатор бар. Мен олардың бәрін танимын, бәрі де маған ұнайды. Сондықтан бұл іске араласуым да, араласпауым да мүмкін, – деді ол.

Сұхбатта президенттің қаржылық жағдайы да сөз болды. Жүргізуші Трамптан қызметіне кіріскеннен бері байлығының 3 млрд долларға артқаны туралы сұрады. Трамп табысының өскенін растап:

– Басқалар сияқты менің де табысым өсті. Сіз де акция сатып алуыңыз керек еді, – деді.

– Түсіндірейін. Мен байлығымды есептеп, оған көп бас қатыра бермеймін. Ақшам жеткілікті, тіпті бұрын ойлағанымнан да көп. Капиталым өскен шығар, бірақ оны нақты білмеймін. Қаржымды ұлым қадағалайды. Ол – өте адал, жақсы жігіт. Бұл мәселені онымен тіпті талқыламаймын. Президенттік қызметке кіріспей тұрып-ақ қомақты қаражатым болған. Мен жалақы алмаймын. Ал бұған дейінгі президенттердің бәрі жалақы алып келген, – деді Дональд Трамп.

Бұған дейін АҚШ-та сайлаудағы жеңілістен кейін Пентагон басшысына импичмент жариялануы мүмкін екенін хабарлаған болатынбыз.