Трамп АҚШ-та дүниеге келгендерге азаматтық беруді тоқтатуға ниетті

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп АҚШ-та заңсыз жүргендердің барлығын, соның ішінде Америка азаматтары мен депортацияланғандардың отбасы мүшелерін елден шығаруға дайын екенін мәлімдеді, деп Kazinform меншікті тілшісі NBC News-ке сілтеме жасап.

 Дональд Трамп
Фото: Nbc News / ZUMA

Дональд Трамптың мәлімдеуінше, Құрама Штаттарда дүниеге келген балаларға азаматтық беру заңы өз күшін жоюы мүмкін. Ол осындай қадамға баруға бекініп отыр. 

Сонымен бірге, ол АҚШ-қа бала кезінде келген құжатсыз иммигранттардың елде қалуын қамтамасыз ететін заң қабылдау үшін демократтармен жұмыс істеуге ашық.

Трамптың жаппай депортациялау жоспарын жариялауы оның президенттік науқанындағы басты уәде болды. Оның айтуынша, бағдарлама қылмыс жасаған заңсыз иммигранттардан басталып, кейін «қылмыскер емес адамдарға» ауысады.

— Біз қылмыскерлерді елден қууымыз керек. Бұл қадамды қылмыскерлерден бастаймыз, сөзсіз солай істеген жөн. Содан кейін кезек өзгелерге келеді, не болатынын уақыт көрсетеді. Өзге деген ол — қылмысқа қатысы жоқ адамдар, — деді Дональд Трамп Кристен Уэлкермен «Баспасөзбен кездесу» бағдарламасына берген сұхбатында.

АҚШ-тың Мексикамен шекарасындағы шектеулерді күшейту Трамптың сайлау науқанының басты бөлімдерінің бірі болды. 

Бұрын жазғанымыздай, АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп 2021 жылы Вашингтонда болған тәртіпсіздіктерге қатысты сотталғандардың ісін қызметіне кіріскеннен кейін бірінші күні қайта қарауға ниетті. 

Соңғы жаңалықтар