Трамп АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен тамаша қарым-қатынасы басталғанын мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонда өткен C5+1 саммитінің нәтижесіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Kazinform.

 Трамп АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен тамаша қарым-қатынасы басталғанын мәлімдеді
Фото: Ақорда

- Кеше Ақ үйде бес керемет елдің президенттері: Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның, Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың және Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедовтың қатысуымен саммит өткізу мен үшін үлкен құрмет болды, - деп атап өтті Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.

АҚШ президенті өзінің алдындағы президенттер отыз жыл бойы Орталық Азия елдеріне лайықты көңіл бөле алмағанын, бұл Еуропа, Азия және Таяу Шығыстың қиылысында орналасқан және маңызды минералдарға, көмірсутектерге және адами таланттарға бай стратегиялық аймақ екенін атап өтті. Трамп «толықтай қатысу» ниетін атап өтті.

- C5+1 платформасының 10 жылдығын атап өту үшін біз авиация, маңызды минералдар, ауыл шаруашылығы, теміржол, автомобиль құрылысы және технология салаларында ондаған мың америкалық жұмыс орындарын қолдайтын миллиардтаған долларлық коммерциялық келісімдер жасастық. Біздің саммитіміз Құрама Штаттар мен Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғыз Республикасы және Түрікменстан арасындағы керемет жаңа қарым-қатынастың бастамасы болды! - деп жазды Дональд Трамп.

Бұған дейін C5+1 елдері экономикалық ынтымақтастық туралы туралы мәлімдемеге қол қойғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар