Трамп АҚШ-тың Сирияға қарсы санкцияларын алып тастады
АСТАНА.KAZINFORM - АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ-тың Сирияға қарсы экономикалық санкцияларын алып тастау туралы жарлыққа қол қойды. Ақ үй бұл шешімді «тұрақтылық пен бейбітшілікке қадам» деп бағалады. Бұл туралы ВВС хабар таратты.

— АҚШ тұрақты, біртұтас, өзімен және көршілерімен бейбіт өмір сүретін Сирияға қолдау көрсетуге міндеттеледі. Террорлық ұйымдарға қауіпсіз баспана бермей, діни және этникалық азшылықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін біртұтас Сирия аймақтық қауіпсіздік пен өркендеуді қолдайды, - делінген бұйрықта.
Ресейге қашып кеткен Сирияның бұрынғы президенті Башар Асадқа, оның отбасы мүшелеріне және биліктен қуылған режимді жақтаушыларға қарсы санкциялар күшінде.
Трамп Эр-Риядта Сирияның жаңа басшысы Ахмед аш-Шараамен кездесу алдында мамыр айында Сирияға салынған санкцияларды алып тастайтынын айтты.
Ақ үй Сирияның жаңа үкіметінің әрекеттерін, соның ішінде «Израильмен қарым-қатынасты қалыпқа келтіру үшін нақты қадамдар жасауды» қадағалайтынын жеткізді.
АҚШ президенті Дональд Трамп бүгін Сирияға қарсы америкалық санкцияларды жеңілдету туралы жарлыққа қол қоятынын жазған болатынбыз.