Трамп Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссияның төрағасы қызметіне Пол Аткинсті тағайындамақ

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссияның (SEC) төрағасы қызметіне криптовалюта нарығын қолдайтын Пол Аткинсті ұсынбақ, деп хабарлайды Кazinform тілшісі CBS News-ке сілтеме жасап.

Пол Аткинс
Фото: 2bitcoins.ru

Трамп «Patomak Partners» компаниясының бас директоры және SEC-тің бұрынғы комиссары Пол Аткинсті нарықты шектен тыс реттеуге қарсы шыққанда өз қабілетін дәлелдеген көшбасшы деп санайтындығын мәлімдеді.

- Сонымен қатар ол цифрлық активтер мен басқа да инновациялардың АҚШ-ты бұрынғыдан да ұлы ел етудегі маңыздылығын мойындайды», - деп жазды Дональд Трамп Truth Social желісінде.

Комиссия АҚШ-тың бағалы қағаздар нарығы мен инвестицияларын қадағалайды. Қазір бұл ұйымды криптоиндустрияға қарсы Гари Генслер басқарып отыр.

Айта кетейік, Д.Трамп бұған дейін АҚШ-ты «планетаның криптографиялық астанасы» етуге және биткоиндердің «стратегиялық резервін» құруға уәде берген.

Оның сайлаудағы жеңісі криптовалюталар бағасының өсуіне ықпал етті. Қазір биткойннің құны 100 мың доллардан асады, ал Coinbase криптографиялық платформасының акциялары 70%-ға өскен.

Осыған дейін Трамп өзінің екі құдасын жоғары мемлекеттік қызметке ұсынғаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар