Трамп билігіне 100 күн: Осы уақытта АҚШ-та қандай өзгеріс болды
АСТАНА. KAZINFORM – Дональд Трамп АҚШ президенті лауазымына кіріскеніне бүгін тура 100 күн толды. Осыған орай Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі оның сайлау алдындағы қай уәдесінің орындалғанын, ел экономикасында нендей жайттар орын алып жатқанын және америкалықтар Трамп реформасын қалай қабылдағанын шолып көрген еді.

Жарлықтардың рекордтық саны
Дональд Трамптың билікке жаңа президент ретінде елдегі жайтқа америкалықтардың көңілі толмайтын уақытта келді.
Трамп 100 күнге толмайтын уақытта жарлықтың рекордтық санын шығарды – 124. Бұл оның алдындағы мемлекет басшылары лауазымда болған бүкіл мерзімде шығарған жарлықтары санына тақап қалады. Федералды тізілім дерегіне сәйкес, Джо Байден – 162, Барак Обама – 277, Джорд Буш – 291, ал Билл Клинтон 364 жарлыққа қол қойған. Трамп бірінші президенттік мерзімінде 220 жарлық шығарған еді.
- Бұл жарлықтар саны жағынан ғана емес, сонымен бірге жан-жақтылығы тұрғысынан да айрықша саналады. Меніңше, істің қазіргі жағдайын дағдарыс, Құрама Штаттар заңы үстемдігіне сын-тегеуірін ретінде сипаттасақ, асыра айтқандық емес, - дейді Сан-Францискодағы Калифорния университетінің құқық профессоры Рори Литтл.
Трамп қандай уәдесін орындады
Қауіпсіздік саласындағы негізгі бағыт шекараны қорғау болды. 2024 жылдың ақпанымен салыстырғанда мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту 94 пайызға қысқарды. Мигранттарға арналған мемлекеттік емес паналар (екеуі Аризона штатының Пима аймағында, біреуі Техас штатының Сан-Антонио аймағында) Төтенше жағдайларды басқару федеральды агенттігінен жүздеген миллион бюджет қаражатын алып келген еді.
Наурызда кеден және шекара қызметі Техас штатының Идальго аймағында Рио-Гранд алқабында шамамен 7 миль жаңа шекара қабырғасын салу үшін 70,2 млн доллар сомасына бірінші келісімшарт алды.
Фентанил проблемасын шешу шаралары қабылданды. Трамп АҚШ-қа есірткі жеткізілімін тоқтату мақсатында Қытай, Мексика және Канадаға қысым көрсетті. 20 наурызда Ішкі қауіпсіздік министрлігі Трамп билікке келген алғашқы 100 күннің ішінде есірткінің «теңдессіз» көлемі тәркіленгенін жария етіп, президент «Американы қайтадан қауіпсіз ету» сайлауалды уәдесін орындағанына мәлімдеді. Порт-Эверглейдсте құны жарты млрд доллардан асатын 2,5 тоннадан астам кокаин мен 50 фунт марихуана тәркіленді.
Саяси салада федералды бюрократияны реформалау жүргізіліп жатыр. Трамп федералды институттар мен атқарушы билікті қысқартып, БАҚ-пен барлық федералды келісімшартты бұзуға бұйрық берді. Ол «федералды кадрлардың жарамдылық және кәсіби дайындық деңгейін арттыру туралы» жарлыққа қол қойды. Сонымен қатар ағылшын тілін АҚШ-тың ресми тілі ретінде бекітті.
Ол үкіметтің ашықтығын қалпына келтіруге ұмтыла отырып, президент Джон Кеннедидің, Роберт Кеннедидің және доктор Мартин Лютер кіші-Кингтің өлімімен байланысты 10 мыңдаған құжатты құпиясыздандырып, жария етуді бұйырды.
Экономика саласында АҚШ-қа инвестиция тарту және жұмыс орындарын арттыруға, елде өндіріс ошақтарын қайтаруға, америкалық энергетикалық компанияларға қолдау көрсетуге басымдық берілді.

Мәселен, Apple АҚШ-қа 500 млрд доллар инвестиция құйып, 20 мың жаңа жұмыс орнын құратындығын жария етті. TSMC ($100 млрд), DAMAC Properties ($20 млрд), CMA CGM ($20 млрд, 10 мың жаңа жұмыс орны), Johnson & Johnson ($55 млрд), Eli Lilly and Company ($27 млрд), Venture Global ($18 млрд), Clarios ($6 млрд), Сауд Арабиясы ($600 млрд), БАӘ ($1,4 трлн) инвесторлар қатарында бар. Канаданың жиһаз құрастыратын «Prepac» компаниясы өндіріс ошағын Канададан АҚШ-қа ауыстыратынын мәлімдеді. Audi компаниясы да салықтан жалтару үшін өндірісін АҚШ-қа ауыстыру мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Трамп Қытайға тәуелділікті төмендету мақсатында АҚШ-та аса маңызды қазбаларды өндіруді кеңейту туралы жарлыққа қол қойды.
Nissan өндірісінің бір бөлігін АҚШ-қа ауыстырса, Mercedes-Benz автомобиль өндірісін арттырады. Honda Индианада «Civic» гибридті моделін шығара бастайды. «Samsung» пен «LG» компаниялары да зауыттарын Мексикадан АҚШ-қа ауыстыру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Siemens АҚШ-та электротехника өндірісіне 285 млн қаржы құйып, 900-ден астам жаңа жұмыс орнын ашатындығын жария етті.
Дональд Трамп сыртқы сауда-экономикалық тәжірибе ұлттық төтенше жағдай тудырғанын мәлімдеп, АҚШ экономикасы мен америкалық жұмысшыларды қорғау үшін жауап тарифтерін енгізу туралы жарлық шығарды.
Президенттің тапсырмасымен елде бюджетті үнемдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік басқару тиімділігі департаментінің активтерді сатудан, жалға беру мен келісімшартты бұзудан және қайта қараудан, төлемдерді алаяқтықтан және дұрыс басқармаудан, гранттарды жоюдан, жұмыс күшін реттеу және қысқартудан болжамды үнемі 160 миллиард долларға бағаланады. Мұнан бөлек, Трамп Қаржы министрлігіне пенни өндірісін доғаруды тапсырды. Өйткені, пенниді дайындаудың өзіндік құны 3,69 центті құрайды.
Трамптың экономикалық бағдарламасы жүз күн ішінде оң нәтиже берді. Бензиннің ұлттық орташа бағасы құлдырап, 34 штатта бір галлон үшін 3 доллардан төмендеді. Наурызда ел бойынша бензиннің орташа бағасы ақпан айымен салыстырғанда 9,5 центке және бір жыл бұрынғыдан 42,4 центке арзандады.
АҚШ-тың өнеркәсіп өндірісі ақпан айында 0,7 пайызға артып, болжанып отырған 0,2 пайыздан үш есе өсті. Бұл өңдеу өнеркәсібі мен автомобиль секторындағы өсімге ықпал етті.

Ақпан айында үй сату өткен аймен салыстырғанда 4,2 пайызға артып, күткен межеден әлдеқайда асып түсті. Ақпан айының аяғында елде 1,24 миллион үй (орташа бағасы - 398 400 доллар) сатылды. Бұл - қаңтар айымен салыстырғанда - 5,1 және 2024 жылғы ақпанмен салыстырғанда 17 пайызға артық.
Әлеуметтік салада қылмыспен күрес күшейтілді. Президент заңсыз мигранттың қолынан қаза тапқан Джорджия колледжінің студенті Лейкен Райлиді еске алу үшін «ұрлық немесе зорлық-зомбылық жасады» деп айыпталған құжатсыз мигранттарды түрмеге қамайтын Лейкен Райли заңына қол қойды.
Сонымен қатар Трамп шетелдік жаулар туралы заңға, балаларды химиялық және хирургиялық мертігуден қорғайтын жарлыққа қол қойды.
Халықаралық салада Трамптың тариф саясаты саудадағы тапшылықты жоюға бағытталған. Ол барлық болат пен алюминий импортына 25 пайыздық баж салығын енгізді.
Құрама Штаттарға болаттың ең ірі жеткізушілері - көршілес Мексика мен Канада, ал ең көп алюминийді Канададан импорттайды. Бұл қадам болат және алюминий өндірісі қауымдастығының, сонымен қатар елдегі барлық кәсіпорынның жоғары бағасына ие болды.
Мұнан бөлек, АҚШ Қытайдың Панама каналындағы бақылауын тоқтатып, оны Штаттардың заңды иелігіне қайтаруға тырысты. АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио сапарынан кейін Панама президенті Хосе Рауль Мулино Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасынан шығуға келісті. CK Hutchison Holding компаниясы панама каналының екі жағында да жұмыс істеп тұрған порттарын америкалық консорциумға сатты. Осылайша, порттар АҚШ бақылауына өтті десек те болады.
Мұнан бөлек, қақтығысты реттеу үшін Ресеймен және Украинамен келіссөздерге бастама жасалды. Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздер жүріп жатыр.
Америкалықтардың басым бөлігінің 47-ші президент жұмысына көңілі толмайды
Ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстардың атқарылғанына қарамастан әлеуметтік сауалнама америкалықтардың басым бөлігінің Трамп әкімшілігі жұмысына көңілі толмайтындығын көрсетіп отыр.
Fox News сауалнамасына сәйкес (18-21 сәуір), Трамптың жұмысын мақұлдау - 44 пайыз. Бұл - наурыздағы 49 пайыздық көрсеткіштен 5 тармаққа төмен. Джо Байденнің (54%), Барак Обаманың (62%) және Джордж Буштың (63%) президенттік лауазымдағы 100 күндігіндегі көрсеткіштерден аз. Сонымен қатар Трамптың сегіз жыл бұрынғы бірінші мерзімінің 100 күндігіндегі 45 пайыз мақұлдау рейтингінен 1 тармаққа төмен.
25 сәуірдегі жағдай бойынша, Трамптың кем дегенде 122 қаулысын федералды судьялар тоқтатып қойды. Осыған орай президент әкімшілігінің қызметкерлерді жұмыстан шығару, 3 триллион долларлық федералдық бюджетті тоқтату, туа біткен азаматтық, трансгендер құқықтары және заңсыз иммигранттарды депортациялау туралы шешімге қарсы судьялар импичмент жариялауға шақырды.
Дегенмен, Pew мәліметтері бойынша республикашылдар арасындағы қолдау тұрақты: Трамп жұмысының тиімділігі (75%), мемлекеттік шығындарды қысқарту (78%), тарифтерді көтеру (70%), федералды үкіметтегі әртүрлілік, теңдік және инклюзивтілік (DEI) саясатын тоқтату (78%).
Керісінше, демократтар Трамптың саясатына қырын қарайды: Трамп жұмысының тиімділігі (93% келіспейді), мемлекеттік шығындарды қысқарту (89%), тарифтерді көтеру (90%), федералды үкіметтегі DEI саясатын тоқтату (86%).
Осылайша, сарапшылардың пікірінше, Трамп бірнеше әлеуметтік сауалнама нәтижесі бойынша халықтың наразылығын ескере отырып, саясатын одан да батыл жалғастырады. 2026 жылдың қарашасында өтетін Капитолийге сайлау жағдайында оның басты міндеті сайлауалды уәделерін орындау болмақ.
Қазіргі уақытта республикашылдар Өкілдер палатасында демократтардан сәл ғана дауыспен басым. Нақтырақ айтқанда, палатада республикашылардың 220, ал демократтардың 213 өкілі бар. Демек, алдағы уақытта әр орын үшін нағыз тайталас болады деген сөз. Ал ол үшін Трамп, жалпы Республикалық партия рейтингін жақсартуға күш салуы тиіс.