Трамп Будапештте Путинмен әзірге кездеспейтінін мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуді кейінге қалдырғанын хабарлады, деп жазады Kazinform ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

«Біз президент Путинмен кездесуді тоқтаттық. Бұл қазір дұрыс шешім емес деп ойладым. Біз күткендей нәтиже бермейтінін сездім. Сол себепті кездесуді болдырмадым. Бірақ болашақта оны міндетті түрде өткіземіз», деді АҚШ басшысы журналистерге Ақ үйде НАТО Бас хатшысы Марк Рюттемен өткен кездесуден кейін.
Бұған дейін Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен кездесетіні жөніндегі шешімнің әлі қабылданбағанын айтқан. Кейінірек ол Будапештте келіссөз өткізу мүмкіндігін қарастырып жатқанын, ал түпкілікті шешім алдағы күндері қабылданатынын нақтылаған.
Батыс БАҚ-тарының хабарлауынша, келіссөзге дайындық жұмыстары уақытша тоқтатылған. Бұған тараптардың Украинадағы қақтығысқа қатысты ұстанымдарындағы айырмашылықтар себеп болған. Reuters және CBS News агенттіктерінің мәліметінше, Ақ үй өкілдері екі ел басшыларының кездесуі «жақын уақытта жоспарланбағанын» растаған.
Айта кетсек, 16 қазанда Дональд Трамп пен Владимир Путин шамамен екі сағатқа жуық уақыт телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында олар Украина мәселесі бойынша келіссөздердің екінші кезеңін өткізу мақсатында Будапештте кездесу мүмкіндігін қарастыруға уағдаласты.