Трамп Чарли Кирктің құрметіне АҚШ-тағы барлық туды түсіруге бұйрық берді

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Utah Valley университетінде қастандықпен қаза тапқан Turning Point USA ұйымының негізін қалаушы Чарли Кирктің құрметіне ел аумағындағы барлық туды түсіруге пәрмен берді. Бұл туралы Breitbart басылымы жазды.

траур
Фото: theitem.com

«Шын мәнінде ұлы америкалық патриот Чарли Кирктің құрметіне жексенбі күні кешкі сағат 18:00-ге дейін бүкіл Америка Құрама Штаттарындағы туларды түсіруге бұйрық беремін», — деп жазды Дональд Трамп Truth Social платформасында.

Президент бұған дейін де «АҚШ жастарын Чарли секілді ешкім түсініп, олардың жүрегіне жақын болмағанын» атап өткен болатын.

Deseret News тілшілерінің мәліметінше, оқиға Кирктің студенттермен кездесуіндегі сұрақ-жауап сессиясы кезінде болған. Әңгіме басталғаннан шамамен екі минут өткенде атыс дауысы естіліп, саясаткер мойын тұсынан жараланған.

31 жастағы Чарли Кирк — елдегі ең ірі консервативтік жастар ұйымдарының бірі Turning Point USA-ның негізін қалаушылардың бірі.

Ол сондай-ақ танымал подкаст жүргізіп, жаңалық арнасын басқарған. Артында жары мен екі баласы қалды.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ саясаткері Чарли Кирктің өліміне қатысты жаңа деректер жарияланды.

Соңғы жаңалықтар