Трамп Чарли Кирктің өліміне күдіктінің ұсталғанын хабарлады

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп консервативті комментатор Чарли Кирктің өліміне күдікті адамның ұсталғанын жариялады, деп хабарлайды BBC.

Трамп объявил о поимке человека, подозреваемого в убийстве Чарли Кирка
Фото: Utah Public Safety

— Менің ойымша, біз оны ұстадық, ықтималдығы өте жоғары, — деді Ақ үй басшысы Fox телекомпаниясына берген сұхбатында.

Президенттің айтуынша, ол бұл ақпаратты эфирге шығар алдында бес минут бұрын естіген. Трамп күдіктіні анықтауға оған өте жақын адам көмектескенін жеткізді.

— Біреу, оған өте жақын адам: «Бұл сол» деді. Күдікті әкесіне барған, ал әкесі АҚШ маршалдары қызметіне жүгінген. Ол сенімді адам, — деді мемлекет басшысы.

Оның сөзінше, күдікті өзін ертіп әкелген әкесімен бірге полиция бөліміне барған. Қазіргі уақытта ол сол жерде ұсталып отыр.

Трамп күдіктінің кім екенін нақты атамады, тек жасын 28 немесе 29-да деп көрсетті. Кейін New York Post газеті оның 22 жастағы Юта тұрғыны екенін жазды.

— Барлығы өзгеруі мүмкін, бірақ фактілер бар, біз іздеген адамды таптық, — деп атап өтті АҚШ президенті.

Ол тергеудің басында «ешқандай айғақ болмағанын», тек бейнежазбадан күдіктіге ұқсас адамды байқағандарын жеткізді.

ФБР жариялаған бейнежазбада іздестірілген адам қастандықтан соң ғимараттың төбесімен қашып бара жатып, оқиға орнынан бой тасалағаны көрінеді.

Трамп күдікті кінәлі деп танылса, ол өлім жазасына кесілуі тиіс екенін айтты.

— Кирк ең жақсы адам еді, ол мұндайға лайық емес болатын, — деді президент.

Ол саясаткердің жерлеу рәсіміне баратынын мәлімдеп, қаза тапқан әріптесін есте сақтағысы келетінін жеткізді. Трамптың айтуынша, Кирк оған «ұлындай» болып, TikTok-пен айналысуына көмектескен.

Еске салсақ, 31 жастағы Чарли Кирк Трамптың сайлауалды науқаны кезінде басты одақтасы болған. Ол президенттің жеңіске жетуіне ықпал еткен. Кирк сәрсенбі күні Utah Valley университетінің кампусында сөз сөйлеп тұрған сәтінде қастандықпен атылып өлтірілді.

Дональд Трамп Чарли Кирктің құрметіне АҚШ-тағы мемлекеттік мекемелерде туларды төмен түсіруді бұйырды.

Соңғы жаңалықтар