Трамп Далластағы кісі өлтіруден кейін иммиграциялық саясатты күшейтпек
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Техас штатының Даллас қаласында Чандра Мули Нагамаллайяның өлтірілуін «сұмдық» қылмыс және иммиграциялық қателіктердің салдары деп атады, деп хабарлайды FOX News.

- Мен Техас штатындағы Даллас қаласының құрметті тұрғыны Чандра Нагамаллайяның өлтірілгені туралы жантүршігерлік хабарды естідім, біздің елімізде ешқашан болмауы тиіс Кубадан келген заңсыз иммигрант оны әйелі мен ұлының көзінше қастандықпен өлтірді, - деп жазды Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.
Шабуыл жасаған 37 жастағы Куба азаматы Йорданис Кобос-Мартинес қала орталығындағы мотельде Нагамалайяға қанжармен шабуыл жасап, әйелі мен ұлының көзінше оған жарақат салып, басын кесіп тастаған.
Куәгерлердің айтуынша, зорлық-зомбылық сынған кір жуғыш машина мен тілдік кедергіге қатысты даудан кейін басталған. Кобос-Мартинес оқиға орнында қамауға алынып, ауыр қылмыс жасағаны үшін айыпталды.
- Бұл адам бұрын балаларды жыныстық зорлық-зомбылық, көлік ұрлау және бостандықтан заңсыз айыру сияқты жантүршігерлік қылмыстары үшін қамауға алынған, бірақ Куба өз елінде мұндай жауыздың болуын қаламауы себебімен қабілетсіз Джо Байден кезінде босатылды. Сенімді болыңыз, бұл заңсыз қылмыстық иммигранттарға жұмсақтық танытатын уақыт аяқталды, - деп хабарлады АҚШ президенті.
Трамп қамаудағы күдіктінің заң бойынша жауапқа тартылатынын хабарлады. Оған бірінші дәрежедігі кісі өлтіру әрекеті бойынша айып тағылады.
Бұған дейін Трамп украиндық босқынды өлтірген адамды өлім жазасына кесуге шақырғанын жазған болатынбыз.