Трамп дәрі-дәрмек бағасын 80%-ға дейін төмендетпек

АҚШ президенті Дональд Трамп рецепт бойынша берілетін фармацевтикалық препараттардың құнын 30–80%-ға дейін төмендететін жарлыққа қол қоюды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі. 

п
Фото: freepik

АҚШ басшысы елдегі дәрі-дәрмектің бағасы «кез келген басқа елге қарағанда әлдеқайда қымбат екенін, кейде тіпті бес-он есе жоғары екенін» айтып, «бұл жағдайды түсіндіру қашан да қиын болғанын, себебі нақты жауабы жоқ» екенін жеткізді.

— Фармацевтикалық компаниялар көп жылдар бойы бұл бағаны зерттеулер мен әзірлемелерге жұмсалған шығындармен байланыстырып келді. Алайда барлық шығын еш себепсіз тек халықтың қалтасына жүктеліп келді, — деп жазды Дональд Трамп Truth Social желісінде.

Президент фармкомпаниялардың сайлауалды науқанға берген демеушіліктері өзіне де, Республикалық партияға да әсер етпейтінін атап өтті.

— Біз әділ шешім қабылдаймыз. Ертең таңғы сағат 9:00-де Ақ үйде еліміздің тарихындағы ең маңызды атқарушы жарлықтардың біріне қол қоятынымды қуана хабарлаймын. Рецептпен берілетін дәрі-дәрмектер мен өзге де фармацевтикалық өнімдердің бағасы бірден 30-80%-ға дейін төмендейді, — деді Трамп.

Оның айтуынша, бұл қадам «көп жылдан бергі алғашқы әділеттілік» болады және АҚШ азаматтарының денсаулық сақтау саласына кететін шығындары «бұрын-соңды болмаған деңгейде» қысқарады.

Аталған жарлық АҚШ Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер министрлігіне (министрі — Роберт Кеннеди-кіші) Байден әкімшілігі инфляцияны төмендету туралы заң аясында енгізген Medicare дәрі-дәрмек бағасы бойынша келіссөздер бағдарламасына қатысты түсініктемелер жинауды міндеттейді. Бұл бағдарлама Medicare жүйесіне фармкомпаниялармен баға бойынша тікелей келіссөз жүргізуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Fox News.

Бұған дейін Трамп президенттікке келген сәттен бастап қандай уәделерін орындағаны жарияланған болатын.

Соңғы жаңалықтар