Трамп Эр-Риядта Сирия президентімен кездесті

АСТАНА.KAZINFORM - АҚШ санкцияларының алынуы аясында Дональд Трамп Сирия президенті Ахмед аш-Шараамен алғашқы ресми кездесу өткізіп, Вашингтон мен Дамаск арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңін ашты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

р
Фото: @PressSec

АҚШ президенті Дональд Трамп сәрсенбі күні Сауд Арабиясында Сирияның уақытша президенті Ахмед аш-Шараамен кездесті. Бұл - екі ел басшыларының соңғы 25 жылдағы алғашқы кездесуі.

АҚШ пен Сирия президенттерінің кездесуі Ақ үй басшысы Сирияға қарсы барлық санкциялары жойылатынын мәлімдегеннен кейін өтті.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған да Трамп, аш-Шара және Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бин Салман арасындағы кездесуге видео байланыс арқылы қосылды.

- Кездесу барысында Ердоған Трампты Сирияға салынған санкцияларды алып тастағаны үшін мадақтап, Сирияның бейбітшілігі мен гүлденуін ілгерілету үшін Сауд Арабиясымен бірге жұмыс істеу міндетін өз мойнына алды, деп хабарлады Ақ үй.

Жауап ретінде Трамп Ердоған мен бин Салманға достық қатынастары үшін алғыс айтып, аш-Шарааға «өз елінде тарихи дүние жасауға» үлкен мүмкіндік бар екенін айтты.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левиттің мәлімдемесіне сәйкес, Трамп Сирия басшысын Израильмен Авраамов келісіміне қол қоюға, шетелдік лаңкестердің жойылуын қамтамасыз етуге, АҚШ-қа ДАИШ-тің қайта жандануының алдын алуға көмектесуге және Сирияның солтүстік-шығысындағы ДАИШ-тің уақытша ұстау орталықтары үшін жауапкершілікті алуға шақырды.

Жауап ретінде аш-Шараа кездесуді ұйымдастырғаны үшін Трамп, Ердоған және бин Салманға алғыс айтып, Сирияның Шығыс пен Батыс арасындағы сауданы жеңілдететін маңызды буынға айналатынына уәде берді және америкалық компанияларды Сирияның мұнайы мен газына инвестиция салуға шақырды.

- Трамптың Парсы шығанағы Ынтымақтастық кеңесінің жетекшілерімен саммиті аясында өткен кездесу Сириядағы оқиғалардың маңызды бетбұрыстарын көрсетеді, деп жазады Associated Press.

Бұл Трамппен бетпе-бет кездесу Сирияның халықаралық оқшаулануын тоқтатуға көмектесетініне сенген сириялықтар мен олардың түрік және саудиялық одақтастарының бірнеше айлық дипломатиясының шарықтау шегі болды.

Бұған дейін Сирия үкіметі Трамп әкімшілігіне Сирия мұнайына қол жеткізу, Израильдің қауіпсіздігіне кепілдік беру және Дамаскіде «Трамп мұнарасын» салу туралы ұсынысты жіберген болатын.

АҚШ пен Сауд Арабиясы 142 миллиард долларлық қару-жарақ келісіміне қол қойды.

Соңғы жаңалықтар