Трамп Ердоғанды Украина-Ресей келіссөзіне арағайын ете ала ма

АСТАНА. KAZINFORM — 5 мамырда АҚШ президенті Дональд Трамп Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесіп, әлеуметтік желідегі парақшасында Украинада бейбітшілік орнату процесінде бірлесіп жұмыс істеуді асыға күтетінін жазды. 

Трамп Ердоғанды Украина-Ресей келіссөзіне  арағайын ете ала ма
Фото: Рейтер; Evan Vucci

Кейінгі кезде АҚШ тарабы Украинадан гөрі Ресейге қарата көп сын айта бастады. Мысалы, 7 мамырда АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Ресей бейбіт келіссөздерде «көп талап етіп жүр» деп мәлімдеді. Осыған байланысты ресми Вашингтон Түркияны арағайындыққа тартпақшы деген нұсқалар айтыла бастады.

Алайда Трамп пен Ердоған әңгімесінің басты тақырыбы Украина емес, Таяу Шығыстың төңірегіндегі мәселелер болуы да мүмкін. Мысалы, АҚШ-қа Түркияның Сирия мен Ирактағы ұстанымын білу маңызды. Түркия үшін Газа секторындағы жағдай аса маңызды.

Сондықтан екі арадағы әңгіме жалғыз Украинамен шектелмегені анық. Бірақ әлем назарын АҚШ президентінің арадағы әңгіменің Украинамен байланысты жағын тілге тиек еткені аудартып отыр.

Ердоған үшін Трамппен тілдесудің ішкі маңызы да бар. Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоглу қамауға алынғаннан кейін Түркия басшысының ел ішіндегі абыройы біраз шайқалды деп есептейтін сарапшылар бар. Осындай кезеңде Ердоғанға сыртқы саясатта тиімді әрекет ете алатынын тағы бір мәрте паш етіп, түркиялықтардың көз алдында беделін бекемдей түсу маңызды. Мұны білетін АҚШ басшысы да түркиялық әріптесіне Украина-Ресей келіссөзіне араласуын сұрауы мүмкін.

Трамп келіссөз кезінде Владимир Путинге ықпал етудің түрлі амалын қарастырып жатыр деп бағамдау қисынға сияды. Өйткені Ресей бастапқы талаптарынан бас тартқысы келмейді. Мәскеу Путин Трамппен көзбе-көз сөйлесіп, келіссөздің түйінін қойса деп ойлайды.

Ал Трамп қанша жерден әрекетін болжап білмейтін саясаткер ретінде сипатталып жүргенімен келіссөздің негізгі шарттарын Путинмен кездесуге дейін нақтылап алғанды қалайды. Ал ол үшін Ресейді Еуропа мен Украинаның да көңілін көншітетіндей шарттарға көндіру қажет.

Мәскеуге бірнеше рет барған арнайы өкіл Стив Уиткоффтың қолынан бұл келмеген болуы ықтимал. Күш-жігері жеткіліксіз болуы мүмкін. Басқаша айтсақ Вашингтон мен Мәскеуді байланыстыратын телефон «ақаумен» жұмыс істеп тұр. Бір жағынан АҚШ санкция саясатын қайта қатаңдата алатынын байқатып қояды. Парламенттегі 100 сенатордың 70-і Ресей мұнайын сатып алатын елдерге қарсы санкциялар жоспарын қолдап дауыс беруге дайын.

Ердоғанды Путинмен келіссөз жүргізуге әбден машықтанған саясаткер деп есептейтіндер баршылық. Мұндай пайым иелері екі арадағы астық экспортының келісімін, Сирия мәселесіндегі бәсекелестікті жиі мысалға келтіреді. Оның үстіне екі басшы да бір орталыққа бағынған билік иесі болып есептеледі. АҚШ президентінің ел басқару тәсілі де осыған ұқсас болғанымен елдегі институционалдық жүйе, Сенаттың ықпалы пәрменді екенін және рас.

Сондықтан Путинмен арағайындықта Уиткофтан гөрі Ердоған тиімді болуы мүмкін деген жорамалдың қисыны бар. Жалғыз кедергі Анкараның Қырымды Ресейдің бір бөлшегі деп мойындамайтынында.

Қалай дегенмен де Трамп Ресеймен араға келіссөзге үшінші тараптан адам салғысы келсе, Ердоғаннан ұтымды нұсқа жоқ деуге де болады. Мәскеу Түркия әскерін қақтығыстан босаған алаңда бітімгерші контингент ретінде пайдалану ұсынысын да Еуроодақ контингентінен қарағанда оңай қабылдауы мүмкін. Өйткені Түркия да NATO-ның маңыздың ойыншысы болғанымен, Еуропалық одақтың мүшесі емес. Сондықтан NATO аясында емес, өзі жетекшілік ететін коалиция арқылы да бітімгерлікті қамтамасыз ете алады.

Бірақ Түркия ондай қадамға бару үшін Анкараға тиімді шарттар болу керек. Түркияның айналасындағы мүддесі сан қырлы екенін ескерсек, ол шарттар бірнеше тармақ пен бағытты қамтуы мүмкін. Әрине, әлі 4 жылға жуық Ақ Үй қожайыны болатын Трамптың керегіне жарау қай елдің басшысы болса да көптеген мүмкіндікке жолын ашуы мүмкін. Бұл жолы Ердоған оған көмектессе, келесіде бұл Ердоғанға қол ұшын соза алады.

Соңғы жаңалықтар