Трамп Гарвард университетінің аузынан жырған қаржыны кәсіптік мектептерге бермекші

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Президенті Дональд Трамп дүйсенбі күні Гарвард университетімен қақтығыста жеңіске жетуге уәде беріп, әлемдегі ең беделді оқу орындарының бірінен миллиардтаған доллар көлеміндегі қаржыны алып қоятынын алға тартып, тағы да қорқытты. Бұл туралы NDTV сайты Трамптың мәлімдесіне сілтеме жасап, жазды.

Трамп Гарвард университетінің аузынан жырған қаржыны кәсіптік мектептерге бермекші
Фото: NDTV

— Мен өте антисемиттік Гарвардтан үш миллиард доллар көлеміндегі грантты алып, оны еліміздегі кәсіптік мектептерге беруді қарастырып жатырмын, — деді Трамп дүйсенбі күні, АҚШ-тағы Еске алу күнінде, өзінің Truth Social платформасында жариялаған жазбасында. 

Ол сондай-ақ Гарвардтан шетелдік студенттерді шығару мәселесін көтерді — бұл АҚШ-тағы ең көне университет үшін негізгі тірек болып саналады, өйткені шетелдік студенттерден алынатын оқу ақысы университеттің маңызды кіріс көзі. Трамп Гарвардтан осы студенттердің тізімін ұсынуды талап етіп отыр.

Трамп бұл тізімді «миллиардтаған доллардың босқа жұмсалғанын анықтау үшін» қажет деп санайды және «радикалданған ессіздер мен бүлікшілердің» елге қайта оралуына жол бермеу үшін қажет екенін айтты.

Ол сөзін: «Қорықпаңыздар, үкімет соңында жеңіске жетеді!» — деп түйіндеді.

Бұған дейін хабарланғандай, Гарвардтың Трампқа қарсы тартысында сот шетелдік студенттердің мүддесін қорғайтын университетті қолдаған болатын.

Соңғы жаңалықтар