Трамп ХАМАС-қа Газадағы бейбітшілік жоспарына жауап беру үшін бірнеше күн берді
АСТАНА.KAZINFORM - АҚШ президенті Дональд Трамп ХАМАС-тан алдағы бірнеше күн ішінде оның бейбітшілік жоспарына жауап беруін талап етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

30 қыркүйек күні Трамп Вашингтонда палестиналық топ 20 тармақтан тұратын келісімді «үш-төрт күн ішінде» қабылдауы керек екенін мәлімдеді.
Ол бұл жоспарды Израиль мен араб елдері қолдап отырғанын, ендігісі ХАМАС-қа байланысты екенін айтты. АҚШ президенті бас тартудың соңы қайғылы аяқталатынын ескертті.
Жоспар тез арада атысты тоқтатуды, палестиналық тұтқындарды кепілге айырбастауды, Израиль әскерін Газа секторынан кезең-кезеңмен шығаруды және ХАМАС-ты қарусыздандыруды көздейді.
Құжатта сондай-ақ халықаралық тұрақтандыру күштерін орналастыру және палестиналық технократтардың уақытша үкіметін құру туралы айтылған. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұл бастаманы ашық қолдады, бірақ кейінірек Палестина мемлекеттілігінің болашағына күмән келтірді.
Reuters ақпарат көздерінің хабарлауынша, ХАМАС бұл жобаның жүзеге асырылмайтынын және оның толығымен Израильге бағытталғанын айтты. Алайда, қозғалыс делдалдардың қысымына ұшырады: Қатар мен Мысыр бұл жоспарды Дохада таныстырды, ал Түркия екі жылда алғаш рет келіссөздерге қосылды. Қатар Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, топ құжатқа жауапкершілікпен қарауға уәде берген.
Нетаньяху да ішкі қысымға тап болды. Израиль қоғамы соғыстың тез аяқталуын талап етіп, әсіре оңшыл министрлер премьер-министр тым көп жеңілдіктер жасаса, коалицияны ыдыратамыз деп қорқытты. Иордан өзенінің батыс жағалауындағы басым күш Палестинаның ФАТХ қозғалысы АҚШ-тың соғысты тоқтату әрекетін құптап, аяқталғаннан кейін сайлауға дайын екенін білдірді. Алайда ұйымның жоғары лауазымды қызметкері Аббас Заки бұл жобаны басқыншылықты заңдастырып, Палестинаның бірлігін бұзатын құжат деп сипаттады.
ВВС агенттігінің хабарлауынша, ХАМАС-тың жоғары лауазымды шенеунігі қозғалыстың Трамп ұсынысынан бас тартуы мүмкін екенін айтқан. Себебі ол Израиль мүддесіне қызмет етеді және Палестина халқының талабына пысқырып та қарамайды.
Басылымның хабарлауынша, топтың Газадағы әскери қолбасшысы Изз ад-Дин әл-Хаддад қарулы күресті жалғастыруды табанды түрде жақтайды, ал анклавтан тыс жоғары басшылық шетте қалып отыр. Ал, «Исламдық жиһад» қозғалысы бұл жоспарды палестиналықтардың келісімінсіз таңылған деп атап, ресми түрде бас тартты.
Келіссөздер кезінде Израиль күштері бейбіт тұрғындардың қаланың орталық ауданынан кетуін талап ететін жаңа парақшалар таратып, орталық Газа қаласына шабуылын жалғастырды.
Осыған дейін Түркияны қоса алғанда сегіз мемлекет Трамптың Газадағы шабуылды тоқтату жоспарын қолдағаны туралы жаздық.