Трамп Илон Маскқа кешірім беруге дайын екенін мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп 3 қарашада өтетін аралық сайлаудан кейін Демократиялық партия Конгресті бақылауына алса, Илон Маск пен оның жақын көмекшілеріне алдын ала кешірім беруге дайын екенін мәлімдеді.
ТАСС агенттігінің мәліметінше, New York Post газетінің Pod Force One подкастында Трамп журналист Миранда Дивайнның демократиялық партия өкілдері Илон Масктың SpaceX компаниясын мемлекет меншігіне алуға әрекет жасауы мүмкін деген болжамын жоққа шығарды. Алайда қажет болған жағдайда кәсіпкер мен оның жақын көмекшілерін қорғауға дайын екенін айтты.
— Біз бұл адамдарды қорғауымыз керек, — деді Трамп.
АҚШ басшысынан мұны қалай жүзеге асырмақ екенін және алдын ала кешірім беру құқығын пайдаланатынын сұрағанда, ол бұл қадамға баруға дайын екенін растады.
— Әрине, қажет болса, солай істеймін, — деп жауап берді ол.
АҚШ-тың қазіргі президенті өзіне әлі ешқандай айып тағылмаған адамдарға да алдын ала кешірім бере алады. Мұндай шешім федералдық билік органдарының оларды қылмыстық жауапкершілікке тартуын айтарлықтай қиындатады немесе мүлде мүмкін емес етеді.
АҚШ-та аралық сайлау 3 қарашада өтеді. Сайлау барысында Сенаттың үштен бірі мен Өкілдер палатасының барлық мүшесі, сондай-ақ 36 штат пен аумақтың губернаторлары қайта сайланады. Қазіргі уақытта Конгрестің қос палатасында да республикашылдар басымдыққа ие.
Еске салайық, Дональд Трамп пен Илон Маск арасындағы келіспеушілік 2025 жылғы маусымда АҚШ әкімшілігінің салық және мемлекеттік шығындарға қатысты негізгі заң жобасы төңірегінде туындаған еді.
Биыл 6 қазанда Илон Масктың Дональд Трамп әкімшілігімен қайтадан ынтымақтаса бастағаны белгілі болды. Ол Пентагонның «Меридиан» атты жаңа жобасына Палмер Лаки және Ньют Гингричпен бірге тең төраға болып тағайындалды.
Ал 16 қазанда Маск Сенаттағы сайлауда республикашылдардың жеңісіне қолдау көрсету үшін 158 миллион доллар көлемінде қаражат бөлгені хабарланды.