Трамп Индонезиямен келісімге келді
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Индонезиямен 19 пайыздық баж салығын төлейтін тиімді сауда келісімін жариялады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

— Индонезия АҚШ-қа экспорттайтын барлық тауарға 19% тариф төлейді, ал АҚШ-тан Индонезияға экспорт тарифтік және тарифтік емес кедергілерге ұшырамауы тиіс, — деп хабарлады Дональд Трамп Truth Social-ға жазған мәлімдемесінде.
Индонезия төлейтін тариф жоғары баж салығы бар елдерден келетін транзиттік тауарларға қосылады, деп түсіндірді Ақ үй басшысы.
— Бұл маңызды келісім тарихта алғаш рет бүкіл Индонезия нарығын Америка Құрама Штаттарына ашады. Тарихта бірінші рет біздің фермерлер және балықшылар 280 миллионнан астам халқы бар Индонезия нарығына толық қол жеткізе алады, — деді Трамп.
Сондай-ақ келісім бойынша Индонезия АҚШ-тың 15 миллиард долларға энергия көзін, 4,5 миллиард долларға АҚШ-тың ауылшаруашылық өнімдерін және 50 Boeing ұшағын сатып алуға міндеттенді.
АҚШ Сауда министрлігінің мәліметі бойынша, екі ел арасындағы сауда 2024 жылы 38 миллиард доллардан асты. Өткен жылы АҚШ-тың Индонезиямен сауда тапшылығы 17,9 миллиард долларды құрады.
Бұған дейін АҚШ Вьетнаммен сауда келісіміне қол қойғаны хабарланған болатын.