Трамп Иранға 300 млрд доллар төленгені туралы ақпаратты жалған деп атады
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Иран үшін көлемі 300 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін инвестициялық қор құру мәселесін талқылап жатыр. Алайда АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранға ықтимал төлемдер туралы хабарларды «жалған ақпарат» деп атады.
АҚШ әкімшілігі Иран экономикасына жеке капитал тарту үшін көлемі 300 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін инвестициялық қор құру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы Financial Times агенттігі хабарлады.
Басылым мәліметінше, сөз Иранға тікелей мемлекеттік қаржы бөлу немесе ақша аудару туралы емес. Қор Иран нарығына шығуға мүдделі жеке инвесторлар мен компаниялардың қаражаты есебінен құрылуы мүмкін.
Бұған дейін АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс болашақта Вашингтонмен жасалатын келісімшарттарын орындаған жағдайда Иранның қалпына келтіру қорына қол жеткізе алатынын мәлімдеген еді.
Ықтимал инвестицияларға Еуропа мен Азияның, соның ішінде Оңтүстік Корея және Жапония компаниялары қызығушылық танытып отыр. Сонымен қатар америкалық компаниялар да жобаға қатысу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Жобаны іске асыру түпкілікті келісімдерге қол жеткізілген жағдайда ғана мүмкін болмақ. Талқыланып жатқан шарттардың қатарында 60 күндік бітім режимін ұзарту, Ормуз бұғазы арқылы еркін кеме қатынасын қамтамасыз ету және Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздерді жалғастыру бар.
Ал АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон Иранға жүздеген миллиард доллар бөлмек деген ақпаратты теріске шығарды.
— АҚШ Иранға 300 миллиард доллар төлейді деген жарияланым — фактілерді әдейі бұрмалау, — деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.
Ақ үй басшысы АҚШ үкіметі тарапынан Иранға ешқандай төлем қарастырылмағанын атап өтіп, мұндай жалған ақпарат таратқаны үшін демократтарды сынға алды.
Еске салайық, АҚШ пен Иран 19 маусым күні Швейцарияда бейбіт келісімге қол қояды. Осыдан кейін Иран мен АҚШ арасындағы келісімнің егжей-тегжейі белгілі болды. Екі ел 14 тармақтан тұратын өзара түсіністік туралы меморандум жобасын жариялады. АҚШ пен Иран арасындағы келісімнен кейін мұнай бағасы төмендеді.