Трамп: Иранға қарсы әскери операция қажет болғанша жалғасады
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Қарулы күштері Тегеранның ядролық және зымырандық мүмкіндіктерін жоюға бағытталған Иран аумағындағы ауқымды операцияларды жалғастырып жатыр. Президент Дональд Трамп Ақ үйде сөйлеген сөзінде операцияның басты мақсаты — Иранның ядролық қару жасауына жол бермеу және Еуропа мен АҚШ-қа төнетін қауіпті бейтараптандыру екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Трамп әскери операцияның қажеттілігіне қатысты уәждерін келтіріп, Иран АҚШ үшін «елеулі қауіп» төндіріп отырғанын айтты. Сонымен қатар ол өткен жылдың маусым айында АҚШ-тың Иранға жасаған соққылары ирандық ядролық бағдарламаның жойылуына алып келгенін тағы да еске салды.
«Иран біздің ескертулерімізді елемей, ядролық қаруға ұмтылып отыр. Оның баллистикалық зымыран бағдарламасы қарқынды дамып келеді және қазірдің өзінде Еуропаға жете алады, ал көп ұзамай АҚШ-қа да жетуі мүмкін. Біздің елге қауіп төнер еді, тіпті ол қауіп бұрыннан бар», деп атап өтті Трамп.
Президенттің айтуынша, үдеріс күтілген мерзімнен жылдам жүріп жатыр, Иранның әскери жетекшілерін жою процесі де жоспарланғаннан тезірек жүзеге асып келеді.
«Біз Иран флотын жойып жатырмыз және ирандық 10 кемені атып түсірдік. Соққылар төрт-бес аптаға созылады деп күтіп отырмыз, бірақ одан да ұзаққа жалғасуы мүмкін. Біз қажет болғанша соғысуға дайынбыз. Бізде әлемдегі ең қуатты армия бар. Қанша уақыт қажет болса да, біз мақсатымызға жетеміз», деді америкалық көшбасшы.
Трамптың сөзінше, басты мақсат өзгермейді. Ол — ирандық режимнің ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермеу.
«Мен мұны басынан бастап айтып келемін – оларда ешқашан ядролық қару болмайды», деді Ақ үй басшысы.
Айта кетейік, Пентагон Иранға жасалған соққы туралы алғаш рет мәлімдеме жасады. Пентагон басшысы Пит Хегсет АҚШ пен Израильдің әрекеттері Иранның АҚШ қарулы күштері мен әлемдегі америкалық мүдделерге бағытталған көпжылдық шабуылдарына жауап болғанын мәлімдеді.