Трамп Иранға Ормуз бұғазын ашу үшін 48 сағат уақыт берді

АСТАНА. KAZINFORM – Дональд Трамп Иран 48 сағат ішінде Ормуз бұғазын толық ашпаса, елдің электр станцияларын «жойып жіберетінін» мәлімдеді. АҚШ президенті бұны өзінің Truth Social платформасындағы парақшасында жариялады.

Трамп Иранға Ормуз бұғазын ашу үшін 48 сағат уақыт берді
Фото: Anadolu

– Егер Иран қауіп-қатерлерден бас тартып, Ормуз бұғазын осы сәттен бастап 48 сағат ішінде толық ашпаса, Америка Құрама Штаттары соққы жасап, олардың түрлі электр станцияларын ең үлкенінен бастап жояды, — деп жазды Трамп өзінің Truth Social платформасындағы парақшасында.

Бұған дейін ол осы платформада АҚШ «Иранды картадан өшірді» деп мәлімдеген еді.

Сондай-ақ Трамп Иран бойынша мақсаттарына жете алмады деген болжамдарды жоққа шығарды.

– Иә, жеттік, тіпті жоспарланған мерзімнен бірнеше апта бұрын. Олардың басшылығының көзін құрттық, әскери-теңіз күштері мен әуе күштері күйреді, қорғанысы мүлде жоқ, енді олар келісім жасағысы келеді. Ал мен — жоқ, — деп жазды.

Айта кетейік, бұған дейін Дональд Трамп Truth Social платформасындағы парақшасында «Американы құтқару» заңын қабылдауға шақырды.

Соңғы жаңалықтар