Трамп Канада импортына 35 пайыздық баж салығын енгізетінін айтты
АСТАНА.KAZINFORM — Дональд Трамп АҚШ келесі айдан бастап Канададан келетін барлық импортқа 35 пайыздық баж салығын енгізетінін мәлімдеді, бұл оның негізгі сауда серіктесімен қарым-қатынастағы шиеленісті тағы да ушықтырды, деп хабарлайды NBC News.

— Канада АҚШ-пен жұмыс істеудің орнына өз тарифтерімен жауап берді. 2025 жылдың 1 тамызынан бастап біз АҚШ-қа жөнелтілетін канадалық тауарларға барлық салалық тарифтерден бөлек 35% баж салығын енгіземіз, — деп жазды Дональд Трамп Truth Social басылымында.
Канада өткен жылы 410 миллиард доллардан астам тауар импорттаған АҚШ-тың ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Алайда, екі ел арасындағы сауда қарым-қатынастары наурыз айында премьер-министр Марк Карни қызметіне кіріскеннен кейін шиеленісе түсті.
Канада болаттың кейбір түрлеріне квотадан асатын импортқа 50% үстеме ақы енгізу арқылы әрекет етті. Канаданың қаржы министрі үкімет өз саласын «АҚШ-тың әділетсіз тарифтерінен» қорғау үшін әрекет етіп жатқанын айтты.
Маусым айының соңында Трамп Канадада 30 маусымға дейін енгізілетін цифрлық қызмет салығына сілтеме жасай отырып, Канадамен барлық сауда келіссөзін аяқтайтынын жариялады.
Карни 29 маусымда Канаданың цифрлық қызметтеріне салынатын салықты алып тастағаннан кейін, екі көшбасшы телефон арқылы сөйлесіп, 21 шілдеге дейін сауда келісіміне қол жеткізуге келісті.
Трамп цифрлық қызметтерге салынатын салықты АҚШ пен оның технологиялық алпауыттарына «шабуыл» деп атады. Салық канадалық интернет пайдаланушылардан 15 миллион доллардан астам табыс тапқан кез келген технологиялық компанияға қолданылатын еді. АҚШ-тың кейбір ірі технологиялық компанияларына арналған лобби тобы салық оларды 30 маусымда 3 миллиард долларға дейін төлеуге мәжбүр ететінін айтты.
— Егер Канада менімен фентанил ағынын тоқтату үшін ынтымақтасатын болса, біз бұл хатқа түзету енгізуді қарастыруымыз мүмкін, — деп жазды Трамп хатының соңында.
Бұған дейін Трамп Бразилияға 50 пайыздық баж салығын енгізуді жоспарлап отырғаны хабарланған болатын.