Трамп Канаданың қарсы тарифтеріне жауап берді
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Канада премьер-министрі Трюдоны тағы да «губернатор» деп атап, канадалық импортқа бұрын енгізілген 25 пайыздық баж салығынан кейін Канаданың айна тарифіне алымдар қолданумен қорқытты, деп хабарлайды DW ақпарат агенттігі.

АҚШ президенті Дональд Трамп Канада премьер-министрі Джастин Трюдоға Канада импорттық американдық тауарларға баж салығын енгізетін болса, импорттық баж салығын одан әрі көбейтеміз деп сес көрсетті.
— Өтініш, Канада губернаторы Трюдоға АҚШ-қа жауап тарифтерін енгізген кезде біздің айна тарифтеріміз бірден сол сомаға өсетінін түсіндіріңізші! — деп жазды ол сейсенбі, 4 наурыз күні кешке өзінің Truth Social платформасында.
Сол күні Трюдо АҚШ-тың күшіне енген тарифтерін талқылау үшін Оттавада өткен баспасөз конференциясында Дональд Трамп бастаған сауда дауында агрессивті позиция ұстанды.
— АҚШ өзінің ең жақын серіктесі және одақтасы, ең жақын досы Канадаға қарсы сауда соғысын бастады… — деп мәлімдеді Канада премьер-министрі.
Ол АҚШ президентіне жеке сөйлеген сөзінде:
— Дональд, сен өте ақылды жігіт болсаң да, бұл ақымақтық, — деді.
Оттава АҚШ-тың әрекеттеріне қарсы сотқа жүгінбек
Джастин Трюдоның түсіндіруінше, сейсенбіден бастап Канада америкалық тауарларға, жалпы құны 30 млрд канадалық доллар болатын өнімдерге 25 пайыздық баж салығын енгізеді, ал қалған 125 млрд канадалық доллар көлеміндегі тауарларға салынатын баж салығы 21 күннен кейін күшіне енеді.
Сонымен қатар, ол Оттава Дүниежүзілік сауда ұйымына Вашингтонға қарсы сотқа шағымданатыны айтты.
Трюдо сондай-ақ Трамптың «Канада экономикасын күйретуді» қалайтынын, өйткені бұл оның Канаданы «аннексиялауын» жеңілдететінін мәлімдеді. Канаданың премьер-министрі «бұл ешқашан болмайды» және Канада «ешқашан 51-ші мемлекет болмайды» деп қосты — соңғы апталарда Трамп үлкен елдің АҚШ құрамына қосылу ойын бірнеше рет алға тартты. Трюдо сонымен қатар тарифтерді фентанил дағдарысымен ақтау «мүлдем жалған, мүлдем негізсіз, мүлдем жаңылыстыратын» екенін қосып өтті.
Трамп пен Трюдо арасындағы «сыпайылықпен алмасудан» кейін АҚШ Сауда министрі Говард Лютник америкалық теледидар эфирінде Канада мен Мексикадағы әріптестерімен «күні бойы телефонмен сөйлескенін» хабарлады.
— Мен оның (Дональд Трамп. — ред.) келісімге келетініне сенемін, — деді Лютник.
Ол қорытынды 5 наурызда жарияланатынын қосып өтті.
Еске сала кетсек, сейсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамптың Мексика мен Канададан импортталатын тауарларға 25 пайыздық және Қытай тауарларына 20 пайыздық жаңа баж салығы күшіне енді.