Трамп Қазақстаннан келетін импортқа 25% кедендік баж салығын енгізетінін мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM — Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған хатты жариялап, АҚШ-тың 1 тамыздан бастап Қазақстаннан келетін барлық импортқа 25 пайыздық кедендік баж салығын енгізетінін хабарлады.

д
Фото: X/realDonaldTrump

Truth Social желісінде жарияланған хатта Трамп Қазақстанмен арадағы сауда қатынастарының маңыздылығына тоқталып, сауда балансының тапшылығына қарамастан, ынтымақтастыққа дайын екенін айтады.

— Біз Қазақстанмен арадағы сауда қатынастарын бірнеше жылдан бері талқылап келеміз және Қазақстанның тарифтік, тарифтік емес саясаты мен сауда тосқауылдарына байланысты ұзақ мерзімді әрі тұрақты сауда тапшылығынан бас тартуымыз қажет деген қорытындыға келдік. Өкінішке қарай, қазіргі қарым-қатынасымыз өзара тиімді деп айтуға келмейді. 2025 жылдың 1 тамызынан бастап АҚШ-қа Қазақстаннан келетін барлық тауарға 25% мөлшерінде кедендік баж салығы салынады. Бұл – салалық тарифтерден бөлек, — деп жазды Трамп өз парақшасында.

Ол сондай-ақ, егер қазақстандық компаниялар өндірісті АҚШ аумағында орналастырса, ешқандай баж салығы қолданылмайтынын атап өтті.

Ұқсас мазмұндағы хатты АҚШ-қа импорт жеткізетін тағы алты елдің басшылары да алған.

Айта кетсеке, Ақ үй АҚШ президенті Дональд Трамптың болат пен алюминийге салынатын баж салығын 25%-дан 50%-ға дейін арттыру туралы Жарлыққа қол қойғанын хабарлаған болатын. 

Соңғы жаңалықтар