Трамп кезекті рет АҚШ-тың Гренландияны бақылауда ұстауын ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп аралға иелік ету АҚШ үшін «абсолютті қажеттілік» екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі ABC News-ке сілтеме жасап. 

Дональд Трамп
Фото: nation.cymru

- Бүкіл әлемде ұлттық қауіпсіздік пен бостандық мақсатында Америка Құрама Штаттары Гренландияға иелік ету және бақылау абсолютті қажеттілік деп санайды. Кен Құрама Штаттар мүддесін қорғайтын тамаша жұмыс істейді, - деп жазды Дональд Трамп «PayPal» негізін қалаушы Кен Ховеридің Даниядағы елшісі болып тағайындалғанын жариялағаннан кейін.

Гренландия премьер-министрі Муте Эгеде бұл идеяны үзілді-кесілді қабыл алмай, Facebook-те мәлімдеме жариялады:

«Гренландия біздікі. Біз сатылмаймыз және ешқашан сатылатын болмаймыз. Біз азаттық үшін көп жылғы күресімізді жоғалтпауымыз керек. Дегенмен, біз бүкіл әлеммен, әсіресе көршілерімізбен ынтымақтастық пен саудаға ашық болуымыз керек».

Дональд Трамп өзінің бірінші әкімшілігі кезінде (2017 жылдың 20 қаңтарынан 2021 жылдың 20 қаңтарына дейін) Гренландияны сатып алуға әрекеттенуге қызығушылық танытқан.

Өзін-өзі басқаратын аралда егемендікке ие Данияның премьер-министрі Метте Фредериксен (2022 жылы қайта сайланған) бұл идеяны «сандырақ» деп атады.

Дания премьер-министрінің кеңсесі «Дания үкіметі Американың жаңа елшісімен кездесуді, ал үкімет жаңа әкімшілікпен жұмыс істеуді асыға күтетінін» хабарлады. 

– Қазіргі таңда біз бастан кешіріп отырған күрделі қауіпсіздік пен саяси жағдайда трансатлантикалық ынтымақтастық өте маңызды. Гренландияға қатысты мәлімдемелерге қатысты айтсақ, премьер-министр кеңсесі Гренландия премьер-министрінің Гренландия сатылмайды, бірақ ынтымақтастыққа ашық деген сөзіне сілтеме жасаудан басқа ешқандай түсініктеме бермейді, - деп мәлімдеді Дания премьер-министрінің кеңсесі.

Гренландия құнды минералдарға, соның ішінде сирек кездесетін металдар, асыл тастар, көмір, графит және уранға бай, бірақ оның географиясы мен климаты АҚШ Сауда департаментінің Халықаралық сауда қауымдастығының мәліметтері бойынша коммерциялық тұрғыдан пайдалы кен өндіруді қиындатады. Оның сирек жер ресурстары игерілсе, әлемдегі алғашқы «бестікке» кірер еді.

Соңғы жаңалықтар