Трамп Киевті Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына шабуыл жасамауға үндеді

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Президенті Дональд Трамп әлемдегі дизель отыны тапшылығы Таяу Шығыстағы жағдайға емес, Ресей мен Украина арасындағы соғысқа байланысты екенін айтты. Ресей мұнай өндіру болжамын кейінгі 17 жылдағы ең төменгі деңгейге дейін түсірді. Бұл туралы PBS News жазды.

Трамп
Фото: dynamo.kiev.ua

Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийді Ресейдің дизель отыны инфрақұрылымына жасалып жатқан соққыларды тоқтатуға үндеді. Ақ үй басшысы бұл туралы 13 қыркүйек, жексенбі күні өз отбасына тиесілі алаңда өткен Irish Open гольф турниріне барған кезде журналистерге айтты.

— Біз бұл мәселені Зеленский мырзамен талқыладық. Басқа да көптеген нысан бар. Ресейдегі дизель отынына шабуыл жасауды тоқтатуыңыз керек. Бұл бүкіл әлемге зиянын тигізіп жатыр, — деді Трамп.

Оның айтуынша, әлемдегі дизель отыны тапшылығы «Таяу Шығыстағы жағдайдан емес, Ресей мен Украинада болып жатқан оқиғалардан» туындаған.

Трамп бұл мәлімдемесін жұма күні АҚШ-та дизель отынының бағасы рекордтық деңгейге жетіп, бір галлоны орта есеппен 6 доллардан асқаннан кейін жасады.

Украина бірнеше айдан бері Ресейдің мұнай-газ саласына алыс қашықтықтан соққы беріп келеді. Бұл ел аумағында жанармай жеткізіліміне шектеу енгізілуіне әкелді. Ал Мәскеу шілде айында дизель отынын экспорттауға тыйым салды. Соның салдарынан әлемдік нарықтағы онсыз да шектеулі дизель отынының көлемі одан әрі қысқарды.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ Украинадағы жағдайға байланысты Мәскеу, Киев және Вашингтонның қатысуымен өтетін үшжақты келіссөзді қайта жандандыруға ниетті екенін жазғанбыз.