Трамп Қытайды сауда келісімін бұзды деп айыптады
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайды Вашингтонмен жасалған сауда келісімін бұзды деп айыптады, деп хабарлайды Анадолы.

Бұл туралы Ақ үй басшысы Truth Social платформасындағы парақшасында жазды.
АҚШ көшбасшысы екі апта бұрын Қытай күрделі экономикалық қауіп-қатерге тап болғанын атап өтті. Себебі Пекин енгізген өте жоғары кедендік тарифтер Қытай үшін АҚШ нарығында сауда жүргізуді іс жүзінде мүмкін емес еткен. Ал АҚШ нарығы, сөзсіз, әлемдегі бірінші нарық болып саналады.
— Біз Қытаймен қырғи-қабақ соғысқа кірдік, бұл олар үшін жойқын болды. Көптеген зауыт жабылып, «азаматтық толқулар» болды. Мен не болғанын көрдім, бұл маған ұнаған жоқ, оларға ұнамады, бізге емес, — деп жалғастырды Трамп.
Трамптың айтуынша, кейін ол Қытайды өте ауыр жағдайдан құтқару үшін Пекинмен жедел келісім жасаған.
— Мен ондай жағдайдың болғанын қаламадым. Бұл келісімнің арқасында бәрі тез тұрақталып, Қытай қалыпты бизнеске қайта оралды. Барлығы риза болды. Бұл — жақсы жаңалық. Бірақ Қытай, кейбіреулер үшін бұл таңғаларлық болмаса да, бізбен жасалған келісімді толығымен бұзды, — деді АҚШ президенті.
Уақытша тарифтерді төмендету туралы келісім
АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісінен кейін Трамп Қытайдан келетін тауарларға кедендік алымдарды 145%-ға дейін көтерді. Ал Қытай, жауап ретінде, АҚШ тауарларына тарифті 125%-ға дейін ұлғайтты.
Биылғы мамырда Швейцарияда өткен сауда келіссөздерінен кейін тараптар өзара кедендік тарифтерді уақытша төмендетуге келісті.
Келісім аясында, 14 мамырдан бастап, АҚШ Қытай тауарларына тарифтерді 145%-дан 30%-ға дейін төмендетеді (90 күнге), ал Қытай америкалық өнімдерге салынатын алымды 125%-дан 10%-ға дейін азайтады.
Сондай-ақ Қытай мен АҚШ арасындағы сауда және экономикалық қатынастар жөніндегі келіссөздерді жалғастыру үшін арнайы тетік құрылатыны хабарланды.
Айта кетелік Трамп АҚШ болат импортына баж салығын 25%-дан 50%-ға дейін екі есе арттыратынын мәлімдеді.