Трамп Қытайға қарсы баж салығын 90 күнге кейінге қалдырды

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан келетін тауарларға баж салығын енгізуді тағы 90 күнге шегерді. Ол тиісті жарлыққа дүйсенбі, 11 тамызда қол қойды, деп хабарлайды Euronews.

р
Фото: Anadolu Ajansı

Трамп оны ұзарту туралы жарлыққа бұрынғы келісімнің аяқталуына бірнеше сағат қалғанда қол қойды.

Атап өтілгендей, бұл жарлық болмаса, Қытайдың АҚШ-қа импортына салынатын баж салығы 145%-ға дейін көтерілетін еді. 

Бұған дейін ҚХР Сыртқы істер министрлігі Вашингтонның «теңдік, құрмет және өзара тиімділік негізінде» оң нәтижелерге ұмтылатынына үміт білдірді.

Еске сала кетсек, биылғы сәуір айында Трамп Қытайдан келетін тауарларға 125% баж салығын енгізді.

Американың енгізген салығына жауап ретінде Қытай 12 сәуірден бастап АҚШ тауарларына салынатын баж салығын 84%-дан 125%-ға дейін көтерді

Алайда мамыр айының басында Бейжің мен Вашингтон келіссөз жүргізу және бір-бірінің ұстанымдарын нақтылау үшін 90 күндік «бітімге» келісті. 

Өткен айда қытайлық және америкалық делегациялар Стокгольмде кездесті, «бітімді» тағы үш айға ұзарту туралы шешім сол жерде қабылданды деп саналады.

Америкалық БАҚ-тың хабарлауынша, Ақ үй шенеуніктері оптимистік көзқарастарын білдіріп, алдағы 90 күнде түпкілікті сауда келісімі жасалуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. 

Алайда Дональд Трамп Қытайдың әрекетін және оның көшбасшысы Си Цзиньпинді жоғары бағалағанымен, бұл мәселеге қатысты анық емес сөйледі. 

Бұған дейін Kazinform агенттігінің халықаралық шолушысы Трамптың баж салығы жаһандық нарыққа қаншалықты қауіп төндіретіні туралы жазған болатын.

Соңғы жаңалықтар