Трамп кварталдық есепті алып тастауды ұсынды: бұл әлемдік нарық пен Қазақстанға қалай әсер етеді

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық компанияларға тоқсан сайынғы кіріс есебін жариялауды тоқтатып, қаржылық есепті жылына екі рет тапсыруды ұсынды. Бұл туралы Kazinform тілшісі хабарлады.

Трамп предлагает отменить квартальную отчетность компаний: как это повлияет на рынки и Казахстан
Фото: Canva / Kazinform

Truth Social платформасында жарияланған үндеуінде Трамп тоқсан сайынғы есеп беру жүйесі компания басшылығын ұзақмерзімді жоспарлауда алаңдатып, қосымша шығынға әкелетінін және пайда тек Уолл-стриттегі талдаушыларға тиетінін айтты. Оның пікірінше, жартыжылдық есеп компанияларға инновация мен өсімге шоғырлануға көбірек мүмкіндік береді.

– Қытайда компанияларды басқаруда 50-100 жылдық стратегиялық жоспарлау қолданылады. Ал біз компанияларымызды тоқсандық көрсеткіштер негізінде басқарамыз. Бұл – дұрыс емес! – деді Дональд Трамп.

Бұл неге маңызды?

Қазіргі таңда АҚШ-тағы жария компаниялар Құнды қағаздар және биржа жөніндегі комиссиясының (SEC) талабы бойынша тоқсан сайын қаржылық есеп ұсынуға міндетті. Бұл құжаттар инвесторлар үшін негізгі бағдар саналады. Мәселен, жақында Oracle компаниясының тоқсандық есебі жарияланғаннан кейін акциялары күрт қымбаттап, оның негізін қалаушы Ларри Эллисон бір күнде әлемдегі ең бай адамға айналған еді.

Трамптың бастамасы жүзеге асса, әлемдегі ең ірі экономика қаржылық ақпаратты ашудың түбегейлі жаңа тәртібіне көшеді. Бұл инвесторлар үшін тұрақты көрсеткіштердің азаюына және күтпеген жағдайлар туындағанда нарықтағы құбылмалылықтың күшеюіне алып келуі мүмкін.

Әлемге әсері

АҚШ-та қабылданған тәжірибелер жаһандық стандарттарға да ықпал етеді. Еуропада, соның ішінде ЕО мен Ұлыбританияда биржадағы компаниялар әдетте жылына екі рет есеп береді. Қытайда да тоқсандық есеп бар, бірақ корпоративтік басқару ұзақмерзімді ұлттық стратегияларға негізделген.

Трамптың Қытайды мысалға келтіруі АҚШ пен ҚХР арасындағы бәсекелестіктің жаңа қырын көрсетеді, енді тек технология мен саудада ғана емес, корпоративтік басқару мен қаржылық мәдениетте де айырмашылықтар айқындала бастады.

Идеяның жақтаушылары әкімшілік жүктеменің азаятынын айтса, қарсы тарап инвесторлар үшін тәуекелдер артып, күтпеген жаңалықтар кезінде нарықтағы күйзелістер күшейе түсетінін ескертеді.

Қазақстанға ықпалы қандай?

Қазақстан үшін бұл бастаманың әсері жанама болғанымен, маңызды екенін мойындауымыз керек. Шетелдік инвесторлар дамушы нарықтарды көбіне АҚШ-тағы талаптармен салыстырады. Егер Вашингтонда ашықтық талаптары жеңілдетілсе, бұл басқа елдердегі болжамдарға да ықпал етуі мүмкін.

Сонымен бірге Қазақстан үшін бұл мүмкіндік болуы ықтимал. Ашықтық пен болжамдылықты сақтай отырып, ел өзін тұрақтылық пен сенімге негізделген нарық ретінде таныстыра алады. Бұл ұзақмерзімді капиталды тартуға және жаһандық қаржы жүйесіндегі орнын нығайтуға стратегиялық басымдық бермек.

Еске салайық, бұған дейінТрамп The New York Times газетін жала жапты деп сотқа берді.

Соңғы жаңалықтар