Трамп мысқа 50% пайыз баж салығын енгізбекші
АСТАНА. KAZINFORM – Президент Дональд Трамп АҚШ-қа импортталатын мысқа 50 пайыздық баж салығын салу жоспары бар екенін мәлім етті, деп хабарлайды CNN.

Алайда оның қашан күшіне енетіні белгісіз.
Ақпан айында Трамп президентке ұлттық қауіпсіздікке байланысты жоғары тарифтер енгізуге мүмкіндік беретін заңды негізге ала отырып, мыс импортына қатысты тексеру жүргізуді бұйырды.
Мыс — электроника, техника және автокөлік өндіруге қажетті негізгі компонент саналады. Баж салығының көтерілуі бұл тауарларды америкалық тұтынушылар үшін қымбаттатып жіберуі мүмкін.
Сауда министрлігінің мәліметінше, өткен жылы АҚШ-қа мыс импортының көлемі 17 миллиард долларды құрады.
Трамптың мәлімдемесінен кейін мыс бағасы рекордтық көрсеткішке дейін өсті. Нью-Йоркте фьючерстер 15 пайызға өсіп, бір фунты $5,68 құрады.
Трамп сонымен қатар сейсенбі күні фармацевтикалық препараттарға деген 200 пайыздық салық жуық арада енгізілетінін мәлім етті. Алайда көптеген компаниялардың АҚШ-қа келуі үшін ол салықты енгізу кейінгі қалдырылуы мүмкін.
Сәуір айында әкімшілік фармацевтикалық препараттар импортына тексеруді бастаған еді.
Президент АҚШ-қа өзге елдердің жеткізіліміне тәуелді болмау үшін медициналық препараттардың ішкі өндірісін жандандыру керек екенін айтты.
Кейбір фармацевтикалық компаниялар өздерінің АҚШ-тағы өндірістерін кеңейтентіндерін мәлім етті, алайда олардың кейбірінің жобалары Трамптың өз лауазымына кірісерден бұрын-ақ дайындық үстінде болатын.
Осыған дейін Трамптың сауда тарифтерінің күшіне ену мерзімін ұзартқаны туралы хабарладық.