Трамп Нью-Мексико штатын «Жаңа Америка» деп қайта атауды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Нью-Мексико штатының атауын New America («Жаңа Америка») деп өзгертуді ұсынды. Ол Truth Social желісіндегі жазбасында бұл бастаманы көпшілік қолдайтынын айтып, жаңа атау әлдеқайда беделді әрі тартымды естілетінін жеткізді, деп хабарлайды Kazinform BILD басылымына сілтеме жасап.
Нью-Мексико губернаторы Мишель Лухан-Гришэм бұл ұсынысты қабылдамады.
— Бұл атау Америка Құрама Штаттары құрылғанға дейін-ақ пайда болған, — деді ол Fox News-ке берген сұхбатында.
Сондай-ақ губернатор Трампты жанармайдың қымбаттауынан жұрттың назарын басқа жаққа бұруға тырысып отыр деп айыптады.
Трамп Нью-Мексико штатында сайлауға қатысты «бұрмалаушылықтар» жиі кездеседі деп есептейтінін айтып, ұсынысын осы пікірмен байланыстырды.
Ақ үй қазірдің өзінде New Mexico атауындағы Mexico сөзінің сызылып, орнына America сөзі жазылған суретті жариялады.
Америкалық БАҚ-тың мәліметінше, бұл идея алғашында интернеттегі әзіл ретінде пайда болған.
Еске салайық, бұл Дональд Трамптың мұндай бастаманы алғаш рет көтеруі емес. Бұған дейін Google Maps сервисі АҚШ Президентінің 27 тамыздағы жарлығына сәйкес, Онтарио көлінің атауын америкалық пайдаланушылар үшін «Америка көлі» деп өзгерткенін хабарлаған едік.
Сондай-ақ Дональд Трамп стратегиялық маңызы бар су жолы АҚШ бақылауына өткенін мәлімдеп, Ормузды «Трамп бұғазы» деп қайта атауды ұсынды.