Трамп Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен 17 млрд долларлық келісімдер жасасты
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамптың Филиппинге сапары мен АСЕАН саммитіне қатысуы аясында құны 17 млрд доллардан асатын коммерциялық келісімдер жасалып, инвестициялар тартылатыны жарияланды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі Ақ үйге сілтеме жасап хабарлайды.
Ең ірі келісімдер Филиппинмен жасалған. Атап айтқанда, Boeing және GE Aerospace компаниялары 20 Boeing 787 ұшағын 12 млрд долларға жеткізуге келісті. Сонымен қатар Филиппиннің АҚШ-тан қорғаныс техникасын сатып алуына 2 млрд доллардан астам әскери қаржы бөлінеді. Бұдан бөлек Вашингтон елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға 400 млн доллар бағыттайды.
Аталған тараптар жасанды интеллект, бұлтты технологиялар және спутниктік байланыс салаларында ынтымақтастық орнату туралы келісімге келді. Азаматтық ядролық энергетика саласында да бірлескен жобаларды дамыту жоспарланып отыр. Сондай-ақ отын қоймасын салу және Баско әуежайын жаңғырту жөнінде уағдаласқвн. Бұдан бөлек, Филиппин АҚШ-тың энергетика және ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортын арттыру арқылы екі ел арасындағы сауда теңгерімсіздігін жоюға міндеттенді.
Ал АҚШ пен Таиланд тауарлардың 99 пайызына салынатын баж салығын алып тастап, америкалық өнімдерге қойылатын сауда шектеулерін азайтуды көздейтін келісімді әзірлеуді жалғастырды. Сондай-ақ Таиланд құны 123 млн долларға дейін жететін АҚШ-тың HIMARS зымыран жүйелерін сатып алуға ниетті екенін мәлімдеді.
Бұған қоса Индонезияның Danantara ұлттық қоры мен америкалық Latitude Energy компаниясы көмір ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған, құны 2 млрд долларлық энергетикалық жобаны жүзеге асыру жөнінде келіссөз бастады.
Ал жапониялық Panasonic компаниясы америкалық Sila компаниясынан заманауи кремний-көміртекті анод материалдарын сатып алу туралы ұзақ мерзімді келісімге қол қойды. Келісім құны 1 млрд долларға дейін жетеді.
Сонымен қатар Малайзияның Tenaga Nasional Berhad ұлттық энергетикалық компаниясының еншілес кәсіпорны TNB Fuel Services америкалық Navajo Transitional Energy Company (NTEC) компаниясымен 100 млн долларға көмір жеткізу туралы үш жылдық келісім жасасты. Бұдан бөлек, Малайзия америкалық консорциуммен бірлесіп, ұлттық деректер қоймасын құруды жоспарлап отыр.
Ал Бруней 1 млрд долларға жуық қаржыға деректерді өңдеу орталығын салу үшін америкалық Vertiv компаниясымен ынтымақтасуды көздейді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Си Цзиньпин мен Дональд Трамптың Қытайда кездескені хабарланған болатын.