Трамп отбасы 499 долларлық «Алтын смартфонды» сатылымға шығарады
АСТАНА. KAZINFORM — Trump Organization компаниясы Trump Mobile желісінің іске қосылғанын, сондай-ақ «алтын жалатылған» T1 смартфонының шығарылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды The Verge.

Trump Mobile айына 47,45 долларға шектеусіз тарифті ұсынады. T1 смартфоны 499 доллар тұрады. Ол АҚШ-та өндірілген және биыл сатылымға шығады делінген.
—Trump Mobile ұялы телефондар мен ұялы байланыс саласында төңкеріс жасағысы келеді, — деді АҚШ президентінің ортаншы ұлы және Trump Organization вице-президенті Эрик Трамп.
The Verge басылымының хабарлауынша, Trump Mobile басқа операторлардың осыған ұқсас ұсыныстарынан қымбатырақ. T1 смартфонының техникалық сипаттамалары да әсерлі емес көрінеді.
Еске сала кетейік, Маск пен Трамптың жанжалынан соң олардың компаниялары акцияларының құны құлдырағаны жайлы жазған едік.