Трамп пен Си Цзиньпиннің кездесуі: АҚШ Қытай тауарларына баж салығын төмендетеді

АСТАНА. KAZINFORM – Оңтүстік Кореяда өткен Дональд Трамп пен Си Цзиньпиннің кездесуінен соң екі ел арасындағы сирек кездесетін металдарға қатысты дау шешімін тапты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Трамп
Фото: видеодан алынған скрин

Сондай-ақ бұл кездесуде Бейжің АҚШ-тан соя сатып алу, сирек кездесетін металдарды экспорттауға рұқсат беру және фентанилге қатысты қатаң шаралар қабылдау міндеттемелерін алды. Оған жауап ретінде АҚШ Қытайдан келетін тауарларға баж салығын төмендетуге келісті.

AXIOS хабарлауынша, Вашингтонға қайтып бара жатқанда президенттік ұшақта журналистердің сауалына жауап бере отырып Трамп Қытай экспортына баж салығы 57%-дан 47%-ға дейін төмендейтінін айтты.

Ал CNBC жазуынша, АҚШ президенті маңызды кездесуде көптеген шешім қабылданғанын және сирек кездесетін металдарға қатысты даудың шешілгенін мәлім еткен.

Одан бөлек Трамп Қытаймен сирек кездесетін металдарды жеткізу туралы келісімге қол жеткізгенін және оның шарттары жыл сайын қайта қаралып отыратынын хабарлады.

Фентанилге баж 20%-дан 10%-ға дейін төмендетіледі. Өз кезегінде Бейжің фентанилдің таралуын тоқтату үшін бар күшін салады және АҚШ-тан соя мен басқа да ауылшаруашылық өнімдерін қайта сатып ала бастайды.

Трамп тараптар NVIDIA және басқа да компаниялармен чиптерді Қытайға сату туралы келіссөз жүргізетінін айтты. АҚШ президентінің айтуынша, Тайвань тақырыбы талқыланбаған. Сондай-ақ қазіргі уақытта Трамп Қытай тауарларына 100% қосымша баж салмайтыны айтылды.

Трамп сәуір айында Бейжіңге баратынын, содан кейін Си Цзиньпин АҚШ-қа сапарлайтынын хабарлады.

Ал Қытай бұл ақпаратты ресми түрде растаған жоқ.

Айта кетейік, Қытай АҚШ-тан қайтадан соя сатып ала бастады.

Соңғы жаңалықтар