Трамп пен Зеленский Украинаға әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін жеткізуді талқылады
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский телефон арқылы сөйлесіп, Украинаға әуе шабуылына қарсы қорғаныс (ӘШҚҚ) жүйелерін жеткізу мәселесін талқылады, деп хабарлайды Kazinform агенттігі ТАСС пен америкалық Axios порталына сілтеме жасап.

Axios журналисі Барак Равидтің дереккөздеріне сілтеме жасай отырып хабарлауынша, Трамп пен Зеленскийдің телефон арқылы сөйлесуі 4 шілде күні АҚШ-тың шығыс жағалауы уақыты бойынша таңертең өтті және шамамен 40 минутқа созылған.
Британдық Financial Times газеті 3 шілде күні дереккөздерге сілтеме жасай отырып, Трамп пен Зеленский АҚШ-тың Украинаға кейбір қару түрлерін жеткізуді тоқтату мәселесін талқылайтынын хабарлаған еді. Ал 2 шілде күні The New York Times газеті Patriot жүйесіне арналған зымырандар, GMLRS дәлдігі жоғары оқ-дәрілері, Hellfire басқарылатын зымырандары, Stinger портативті зымыран кешендері және өзге де бірқатар қарудың Украинаға жеткізілімі тоқтатылатынын хабарлаған болатын.
Сонымен қатар, 3 шілде күні Трамп АҚШ Украинаға әскери көмек көрсетуді жалғастырып жатқанын айтты, бірақ сонымен бірге Америка Құрама Штаттарының өзіне де қару-жарақ қажет екенін мәлімдеді.
Бұл ақпарат Kazinform агенттігіне ТАСС-тың серіктестік желісі арқылы арнайы ұсынылған.
Сонымен қатар, Ресей президенті Владимир Путин 3 шілде күні Трамппен телефон арқылы сөйлесіп, Мәскеу Киевпен жаңа келіссөздер кезеңінің басталу мерзімін күтіп отырғанын айтты.
Ал Дональд Трамп бұл әңгімеден кейін Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты тоқтату жөнінде ешқандай ілгерілеу болмағанын мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Трамп Украина басшылығы «бейбітшілікке ұмтылысын» көрсетпейінше, оған әскери көмек көрсетуді тоқтату туралы бұйрық берген еді. Бұл шешім Ақ үйдегі Оваль кабинетте Трамп пен Зеленский арасында болған пікірталастан бірнеше күн өткен соң қабылданған.