Трамп: Рафахтағы атыстың артында ХАМАС көтерілісшілері тұр
АСТАНА. KAZINFORM — Газа секторының оңтүстігіндегі Рафах қаласында атысты тоқтату режимін бұзудың артында палестиналық ХАМАС ұйымы тұр. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп журналистерге Air Force One бортында мәлімдеді, деп жазды Report.
Ол бұл оқиғаға ХАМАС қозғалысы басшылығының еш қатысы жоқ екенін айтты.
— Біз ХАМАС басшылығының қатысы жоқ деп есептейміз. Бұл ХАМАС қозғалысы құрамындағы көтерілісшілер болуы мүмкін. Қалай болғанда да, біз өте қатал әрекет етеміз, — деді америкалық көшбасшы.
Бұған дейін Израиль әскері анклавтың оңтүстігіндегі Рафах қаласының маңында сарбаздарға оқ жаудырған оқиға туралы айтып, палестиналық радикалдардың атысты тоқтату келісімін бұзғанын хабарлады. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху атысты тоқтату режимін бұзғаны үшін ХАМАС-ты айыптап, қарулы күштерге радикалдарға қарсы шара қолдануға бұйрық берді. Содан кейін армия анклавқа бірнеше соққы жасап, ондаған нысанаға шабуылдады. Кейінірек әскерилер екі сарбаздың қаза тауып, тағы біреуі ауыр жараланғанын жеткізді.
Ал ХАМАС өкілдері Рафах оқиғасына қатысы жоқ екенін айтты.