Ресей мен Украина энергетикалық нысандарға шабуыл жасамау туралы келісті — Трамп

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдеуінше, Мәскеу мен Киев энергетикалық инфрақұрылымға бір-біріне соққы беруді дереу тоқтатуға келіскен. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі FOX News арнасына сілтеме жасап хабарлады.

Ресей мен Украина энергетикалық нысандарға шабуыл жасамау туралы келісті — Трамп
Фото: x.com/WhiteHouse

— Ресей мен Украина арасындағы соғыста энергетикалық нысандарға қатысты атысты тоқтату режимі дереу күшіне енеді. Екі тарап та келісті. Оны бұзбаңыздар! — деп жазды Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.

Трамптың айтуынша, бұл келісім бірнеше апта бойы мұнай өңдеу зауыттары мен электр станцияларына жасалған шабуылдардан кейін шиеленісті бәсеңдетуге бағытталған. Оның сөзінше, мұндай шабуылдар дизель отынын жеткізуге кедергі келтіріп, АҚШ-та бағаның өсуіне ықпал етіп отыр.

Энергетикалық инфрақұрылымға шабуылдарды тоқтату туралы мәлімдеме Ресейдің дизель отынын АҚШ пен әлемдік нарықтарға жеткізуіне мүмкіндік беретін келісім жасалған тұста айтылды.

Келісімге сәйкес, Ресей дереу 300 мың тоннадан астам дизель отынын жеткізуге тиіс. Қараша айында қосымша жеткізілімдер күтіледі. Экспортты жеңілдету үшін АҚШ санкциялық шектеулерді де уақытша жұмсартқан.

Украина президенті Владимир Зеленский бұл жаңалыққа қатысты пікір білдіріп, Украинаның энергетикалық бітімді қолдайтынын айтты. Сондай-ақ Ресей тарапының да келісімді қолдауы маңызды екенін атап өтті.

— Біз АҚШ тарапынан қосымша ақпарат күтеміз, — деп жазды Зеленский X әлеуметтік желісінде.

https://x.com/ZelenskyyUa/status/2109307644846444808?ref_src=twsrc%5Etfw%7Ctwcamp%5Etweetembed%7Ctwterm%5E2109307644846444808%7Ctwgr%5E0084d4593a44bbf4eb096d78e9fe9c4b73aad2b7%7Ctwcon%5Es1_c10&ref_url=https%3A%2F%2Fru.euronews.com%2F2026%2F10%2F11%2Ftrump-proposes-energy-ceasefire

Ресей тарапы әзірше Трамптың мәлімдемесіне қатысты пікір білдірген жоқ.