Трамп Ресей мен Украина келіссөзі кезінде Ыстанбұлға баруы мүмкін екенін айтты

АСТАНА.KAZINFORM  - АҚШ президенті Дональд Трамп журналистерге 15 мамыр, бейсенбіде Ресей мен Украинаның келіссөзі кезінде Ыстанбұлға бару мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты, деп хабарлайды ВВС.

Трамп Ресей мен Украина келіссөзі кезінде Ыстанбұлға баруы мүмкін екенін айтты
Фото: Anadolu

- Мен ұшып кету керек пе деп ойладым. Бейсенбіде қайда болатынымды білмеймін. Менің кездесулерім өте көп, бірақ мен шынымен де (Ыстанбұлға) бару мүмкіндігін қарастырдым, - деп келтіреді Трамптың сөзін Reuters агенттігі.

Алдағы күндері АҚШ президентінің Сауд Арабиясына, БАӘ мен Қатарға сапары жоспарланған.

Украинадағы қақтығысқа байланысты халықаралық дипломатияда тарихи бетбұрыс болуы мүмкін.

Ресей мен Түркия Президенттері – Владимир Путин мен Режеп Тайып Ердоған телефон арқылы келіссөз жүргізді. Оның барысында Мәскеу осы жылдың 15 мамырынан бастап Ыстанбұлда Киевпен тікелей келіссөздерді қайта бастауды ұсынды.

Анкара бұл ұсынысқа жедел жауап берді. Түркияның TRT Haber телеарнасының хабарлауынша, Ердоған келіссөздер алаңын қайта ұсынуға дайын екенін растады. Түркия Президенті «бейбітшілікке қол жеткізу үшін мүмкіндіктер терезесі ашық» деді және «атысты жан-жақты тоқтату келіссөздер жүргізуге жағдай жасайды» деп мәлімдеді.

Алайда Ресей СІМ - нің ресми мәлімдемесінде бұл аспект – атысты тоқтату туралы айтылмаған. Осыған қарамастан Ердоған Путинмен әңгімелесу қарсаңында Киевке келген Франция президенті Эммануэль Макронмен сөйлесті. Оның айтуынша, Түркия бейбітшілікке қол жеткізуге, соның ішінде диалогты ұйымдастыруға және соғыс қимылдарын тоқтатуға жәрдемдесуге үлес қосуға дайын.

Айта кетейік, 5 мамырда АҚШ президенті Дональд Трамп Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесіп, әлеуметтік желідегі парақшасында Украинада бейбітшілік орнату процесінде бірлесіп жұмыс істеуді асыға күтетінін жазды.

АҚШ президенті Дональд Трамп бұл апта Ресей мен Украина үшін маңызды болатынын айтты.

Соңғы жаңалықтар