Трамп сәуір айында Қытайға барады
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайға 2026 жылдың сәуір айында баратынын айтып, бұрын жарияланған жоспарын растады, деп хабарлайды ТАСС.
— Мен Төраға Си Цзиньпинмен өте жақсы араласамын. Мен Қытайға сәуір айында барамын, — деді америкалық көшбасшы.
Ол мұны батыстың ірі мұнай компанияларының басшыларымен Венесуэла төңірегіндегі жағдайды талқылаған кездесуінде айтты.
Трамп алдағы сапарды қазан айында Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлескеннен кейін жариялап, Қытай басшысының 2026 жылдың сәуіріндегі шақыртуын қабылдағанын атап өтті.
АҚШ президентінің айтуынша, осыдан кейін Қытай төрағасының Америкаға мемлекеттік сапары жоспарланған.
АҚШ-тың Қаржы министрі Скотт Бессент бұған дейін Дональд Трамп пен Си Цзиньпин 2026 жылы төрт рет кездесуі мүмкін деп болжаған. Ол екі мемлекеттік сапардан бөлек, Флорида штатындағы Дорал қаласында өтетін G20 саммитінде, сондай-ақ Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы форумы аясында келіссөздер жүргізілуі мүмкін екенін атап өтті.
Осыған дейін Дональд Трамп Қытай басшысы Си Цзиньпинмен болған кездесуі тұрақты бейбіт өмір мен табысты қамтамасыз ететінін айтты.