Трамп: Signal дауына байланысты шенеуніктерді жұмыстан шығармаймын

АСТАНА. KAZINFORM — Трамп жалған ақпаратқа байланысты ешқандай шенеунік жұмыстан шығарылмайтынын айтты, деп жазады Риа новости Nbcnews-ке сілтеме жасап. 

Трамп Signal дауына байланысты шенеуніктерін жұмыстан шығармайды
Фото: J. Scott Applewhite

АҚШ президенті Дональд Трамп Signal мессенджерінде әскери құпия жоспарлардың талқыға түскен дауына байланысты әкімшілік құзырындағы шенеуніктерін жұмыстан босататын ниеті жоқ екенін айтты.

Чаттағы әңгімеден кейін америкалық БАҚ-тар Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Вальцты отставкаға кетеді деп болжады. Осы даудан кейін Трамптың көңілі қалды деген сарында анонимді дереккөздерге сілтеме жасалған ақпаратты жарыса таратты. Алайда, АҚШ президенті өз командасына сенімін жоғалтпағанын айтып, әкімшілік шенеуніктері чатта құпия ақпарат алмасты деген қауесетті жоққа шығарды.

Трамп NBC арнасына берген сұхбатында: «Мен жұмысшыларымды жалған ақпарат үшін жұмыстан босатпаймын», - деді.

Бұған қоса, америкалық көшбасшы Вальс пен АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсетке әлі де сенім артатынын тілге тиек етті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Президент Дональд Трамп жоғары әкімшілік шенеуніктері топтық чатта құпия әскери жоспарды талқылаған кезде қауіпсіздіктің төтенше бұзылуын кішігірім бұзушылық деп cипаттайтынын айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар