Трамп Таиланд пен Камбоджа премьерлерінің кездесуге келіскенін мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM — Таиланд премьер-министрінің міндетін атқарушы Пхумтам Вечаячай мен Камбоджа премьер-министрі Хун Манет екі ел арасындағы қақтығысты реттеу мақсатында кездесу өткізуге дайын екенін жеткізді. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді, деп хабарлайды DW.

«Олар шұғыл кездесіп, атысты тоқтату жоспарын тез әзірлеуге келісті», – деп жазды Трамп Truth Social желісінде екі елдің үкімет басшыларымен телефон арқылы сөйлескен соң.
АҚШ президенті АҚШ-тың бұл елдермен сауда қарым-қатынасы бар екенін, алайда қақтығыс жалғасып жатқан жағдайда ешбір тараппен сауда келісімі жасалмайтынын атап өтті.
«Біз екі елмен де сауда жасаймыз, бірақ олар соғысып жатқанда ешқандай мәміле жасамаймыз. Мен күрделі жағдайды жеңілдетуге тырысып отырмын. Бұл соғыста көптеген адам қаза тауып жатыр», – деді ол.
Трамптың айтуынша, тараптар бейбіт келісімге келген жағдайда, АҚШ сауда қатынастарын қайта жандандыруға әзір.
Бұған дейін Камбоджа мен Таиланд БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында өзара талаптарымен алмасты.
Айта кетейік, 23 шілдеде шекара маңында мина жарылысы болып, таиландтық сарбаздар жараланды. Ал келесі күні шекарада атыс болып, бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар бар.