Трамп тегеуріні: Еуропа мен Қытай арасында жаңа сауда соғысы туа ма

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың 2025 жылғы 16 желтоқсанда Еуропалық одақтан импортталатын шошқа етіне салынатын кедендік баж салығын 4,9 пайыздан 19,8 пайызға дейін көтеруі Еуразиядағы ең ірі екі экономиканың арасындағы сауда қақтығысының уақыт өткен сайын өршіп бара жатқанын аңғартады. Бұл жағдай жаһандық нарықтар үшін қаншалықты қауіпті, әлемдік сауда мен жеткізу тізбектеріне қандай салдар әкелуі мүмкін - осы және басқа мәселелерді Kazinform агенттігінің халықаралық шолушысы саралап көрді.

Эхо Трампа: сможет ли Европа избежать торговой войны с Китаем
Коллаж: Kazinform /Midjourney/ Freepik / Pixabay

Сауда шектеулері және жаһандық сауданың дағдарысы

Қытай мен әлемдегі ең ірі экономика - АҚШ арасындағы сауда қатынастарының да күрделі күйде екенін ескерсек, бүгінде жаһандық сауда жүйесі терең дағдарысқа тап болды деуге негіз бар. Үш ірі экономикалық орталық өз мүдделерін өзара шектеулер арқылы қорғауға көшкен, бұл мұқым әлем экономикасына кері әсер етуі мүмкін.

Дегенмен, бұл процестің тікелей қатысушылары, ең алдымен, тактикалық артықшылықтарға қол жеткізуді көздеп отырғаны анық және жаһандық сауданың ұзақмерзімді перспективасын қатерге тігуді қаламайды. Олар туындаған сын-қатерлерге жауап ретінде өз мүдделерін қорғау үшін әрекет етіп жатыр.

Осы тұрғыда Қытайдың еуропалық шошқа етіне баж салығын енгізуі Бейжіңнің Еуропалық одақтың қытайлық электр көліктеріне қойған шектеулеріне берген жауабы болып отыр. Ал Еуропаның өзі мұндай қадамға Қытаймен саудадағы рекордтық тапшылыққа байланысты барған. Бұл тапшылық Қытай экспортына АҚШ тарапынан енгізілген шектеулер аясында одан әрі ұлғайып отыр.

Нәтижесінде Қытайдан шыққан тауарлар Еуропа нарығына бағытталып, бұл өз кезегінде сауда теңгерімсіздігінің күшеюіне алып келді.

Эскалация ма, әлде ымыра ма?

Алайда мұндай процесс бір басталса, оны тоқтату оңайға соқпайды. Енді Еуропалық одақ Қытайдың енгізген шектеулеріне жауап қатуға мәжбүр. Қазір қос тараптың қандай да бір келісімге келуі мүмкін болмай тұрғандай әсер қалдырады.

китай, пошлины
Фото: Shutterstock

Дегенмен 17 желтоқсанда Франция президенті Эмманюэль Макрон Қытайдың еуропалық шошқа етіне енгізген баж салығына жауап ретінде ҚХР-ға қарсы кедендік алымдар белгілеуді конструктивті қадам емес деп бағалады. Ол Еуроодақты Қытаймен арадағы сауда теңгерімсіздігін ішкі реформалар мен Бейжіңмен ынтымақтастықты күшейту арқылы реттеуге шақырды.

Сонымен қатар 7 желтоқсанда Қытайға сапарынан кейінгі сөзінде Макрон егер Бейжің Еуропаның сауда талаптарына жауап бермесе, ЕО Қытайға қарсы қатаң шаралар, соның ішінде баж салығын енгізуі мүмкін екенін де жоққа шығармаған болатын.

Ал бұған дейін 4 желтоқсанда Қытайға жасаған ресми сапары барысында ол керісінше тараптарды қайшылықтарды еңсеруге және диалогті жалғастыруға үндеген еді.

Франция президентінің Қытаймен саудаға қатысты қысқа уақыт аралығындағы ұстанымының өзгеруі Бейжің мен Еуроодақ елдері арасындағы келіссөздердің қаншалықты күрделі әрі көпқырлы екенін көрсетеді.

Сонымен қатар бұл жағдай жаһандық сауданы сақтап қалуға деген ортақ мүдденің бар екенін де аңғартады. Егер протекционизмнің ауқымды соғысы басталса, оның салдарын барлық тарап сезінетін болады. Еуропада мұндай сценарийді қаламайтын елдер аз емес. Соның бірі - Қытаймен тығыз сауда байланысы бар Германия.

грузоперевозки по ТМТМ
Фото: Midjourney

Еуропаның Қытаймен саудадағы рекордтық тапшылығы

Жалпы алғанда, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Еуроодақ елдерінің Қытаймен саудадағы тапшылығы 400 млрд еуроға дейін жетуі мүмкін. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім. Айта кетейік, өткен жылы бұл көрсеткіш 300 млрд еуроны құраған еді. Яғни, небәрі бір жылдың ішінде тапшылық көлемі күрт артқан.

2024 жылы Еуроодақ Қытайдан 519 млрд еуроға тауар импорттап, ал экспорт көлемі бар болғаны 213 млрд еуро болды. Ал 2019 жылдан бергі кезеңге көз жүгіртсек, Қытайдан Еуропаға импорт көлемі 60 пайызға артқан.

Бұл тұста ЕО мен Қытай арасындағы сауда тапшылығының әр кезеңде әртүрлі жағдайда қалыптасқанын ескеру маңызды. Пандемияға дейін Қытай импортының Еуропаға ұлғаюы әлемдік экономика өсіп тұрған кезеңге тұспа-тұс келді. Әсіресе Қытай экономикасының қарқынды дамуы жаһандық нарықта, соның ішінде еуропалық компаниялар үшін де жаңа мүмкіндіктер ашқан болатын.

АҚШ-тың сауда саясаты балансты қалай өзгертті?

Ал биыл сауда тапшылығының өсуі мүлде басқа ахуалдың салдары болып отыр. Бұл жағдай АҚШ президенті Дональд Трамптың 2025 жылғы қаңтарда билікке екінші мәрте келуінен кейін бастаған сауда соғыстарымен тікелей байланысты. Осы жаңа саясаттың негізгі бағыттарының бірі - Қытай және онымен арадағы ауқымды сауда теңгерімсіздігі.

Егер 2024 жылдың қорытындысы бойынша АҚШ-тың Қытаймен саудадағы тапшылығы 295 млрд долларды құраса, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығының нәтижесінде бұл көрсеткіш жылдық мәнде 165 млрд долларға дейін төмендеген. Ал 2025 жылдың қыркүйек айына қарай ай сайынғы тапшылық 11,4 млрд долларға дейін қысқарды. Бұл үрдіс сақталса, жылдық көрсеткіш шамамен 130 млрд долларды құрауы мүмкін.

Бұл өте ауқымды төмендеу. Оның басты себебі - Трамп әкімшілігінің Қытай өнімдеріне кедендік баж салығын айтарлықтай арттыруы. 12 мамырдан бастап бұл баждар орта есеппен 30 пайызды құрады. Ал АҚШ-тан Қытайға экспортталатын тауарларға салынатын баж мөлшері 10 пайыз деңгейінде қалып отыр.

Әрине, Дональд Трамп бұл тақырыпта мезгіл-мезгіл қатаң мәлімдемелер жасап, баж салығы 145 пайызға дейін жетуі мүмкін екенін де айтып жүр. Мұндай көрсеткіш іс жүзінде сауданың толық тоқтауымен тең. Алайда ол Қытай басшылығымен келіссөздер де жүргізіп, жекелеген бағыттар бойынша, мысалы, сирек металдар секілді стратегиялық маңызды салаларда ымыраға келіп, ең қатаң шараларды енгізуді кейінге қалдырып отыр.

Бейжің жаңа нарық іздеп жатыр

Қытай үшін экспорт көлемінің осындай деңгейге қысқаруы айтарлықтай ауыр соққы болғаны сөзсіз. Бейжің жағдай тұрақты деп мәлімдегенімен, экспортқа бағытталған экономика үшін АҚШ нарығына жеткізілімнің азаюы аса сезімтал мәселе екені анық.

юань и доллар
Фото: Pixabay

Осы жағдайда Қытай америкалық нарықтағы шығындардың орнын толтыру және экспортқа негізделген экономикалық моделін сақтап қалу мақсатында басқа нарықтардағы, соның ішінде Еуропадағы саудаға қатысуын күшейтуге ұмтылып отыр. Нәтижесінде Еуроодақ елдерінің Қытаймен саудадағы тапшылығының артуы да осыған тікелей байланысты.

Айта кету керек, соңғы 30 жыл ішінде АҚШ пен ЕО арасындағы саудадағы айтарлықтай профицит Қытай экономикасының өсуіне ықпал еткен негізгі факторлардың бірі болды. Бұл нарықтарға қол жеткізу Қытай үшін соншалықты маңызды еді, тіпті ол АҚШ компанияларына зияткерлік меншік үшін төлемдерді едәуір арттыруға да барған. Себебі бұл америкалық нарыққа кірудің басты шарттарының бірі болатын.

Мәселен, 2019 жылы қытайлық компаниялар америкалық зияткерлік меншікті пайдаланғаны үшін 7,9 млрд доллар төлеген. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 50 пайызға жоғары.

Еуропа өз басымдықтарын сақтап отыр

Еуроодақ пен Қытай арасындағы сауда қатынастарында қызмет көрсету нарығын жеке бір сегмент ретінде бөліп көрсету қиын. Себебі бұл сала әртүрлі бағыттар мен көптеген елге таралған. Алайда АҚШ-тағы жағдай секілді Еуропа елдерінің де қызмет көрсету саласында айтарлықтай профициті бар.

Бұл ең алдымен жоғары технологиялы өнімдерді АҚШ пен ЕО нарықтарына шығару үшін зияткерлік меншікке төлем жасау қажеттілігімен байланысты. Егер технология немесе өнім авторлық құқықпен қорғалған болса, оны пайдаланғаны үшін ақы төлеу - міндетті талап.

Сонымен қатар бұл жағдай жаһандану процесімен де тығыз сабақтас. Өйткені жаһандық экономикалық қатынастарды реттейтін негізгі институттар Батыс елдерінде орналасқан. Осы себепті олар Қытаймен салыстырғанда қаржы, сақтандыру, заң қызметтері сияқты салаларда айқын басымдыққа ие. Бұған қоса, логистика да осы артықшылықтардың қатарына жатады. Тағы бір маңызды фактор - пандемияға дейін Қытайдан Еуропаға бағытталған туристер ағынының өте жоғары болуы.

Айта кету керек, бүгінде қытайлық туристер легі айтарлықтай азайған. Соған қарамастан Қытайдан Еуропаға келетін тауар көлемі едәуір артқан.

Еуроодақ неге қатаң шараларға дайын емес?

Жалпы алғанда қазіргі жағдай - нарықтар үшін күрес. Қытай АҚШ нарығындағы экспорттық шығындарын Еуропаға жеткізілімді арттыру арқылы табысты түрде өтеп отыр. Әрине, бұл еуропалықтарды қанағаттандырмайды. Алайда олар Қытаймен ауқымды сауда соғысын бастауға дайын емес.

Мұндай қадам біріншіден, Еуропаның ішкі нарығындағы бағаның өсуіне әкелуі мүмкін. Екіншіден, Қытай нарығына қолжетімділікті шектейді, ал бұл нарықтың ауқымы әлі де өте зор. Оның үстіне Қытай өнімдерін Еуроодақтың барлық елдері тұтынады, ал Қытайға экспорт пен ондағы инвестициялық жобалар тек жекелеген мемлекеттерге ғана қатысты. Осы себепті бұл мәселе бойынша ортақ шешім қабылдау өте күрделі.

Қазақстан үшін Қытай мен Еуроодақ арасындағы сауда қатынастарының ушығуы тиімсіз. Себебі еліміз ішкіқұрлықтық сауданы дамытуға басымдық беріп отыр, ал оның негізгі бағыттарының бірі - дәл осы Еуропа мен Қытай арасындағы сауда байланыстары. Сондықтан бұл бағыттағы кез келген қиындықтар Қазақстанның ұлттық мүдделеріне сай келмейді.

Еске сала кетсек, бұған дейін АҚШ бірнеше күнде 1,3 миллиард долларға «алтын» грин-карта сатқаны хабарланған.

Соңғы жаңалықтар