Трамп Time журналының мұқабасындағы суретін сынады
АСТАНА. KAZINFORM — Америкалық Time журналының шығарылымы Газа секторында Израиль мен ХАМАС арасында АҚШ делдалдығымен қол жеткізген бітімгершілік келісіміне арналған, деп хабарлайды Kazinform.
Time журналының мұқабасында АҚШ президентінің фотосуреті және осы нөмірде жарияланған үш мақаланың атауы берілген. Олар «Оның триумфы», «Израильге қажет болған көшбасшы» және «Газа қалай ем алып жатыр» деп аталады.
— Бұл келісім Трамптың екінші мерзімінің жетістігі және Таяу Шығыс үшін стратегиялық бетбұрыс сәті болуы мүмкін, — деп жазды Time.
Алайда америкалық көшбасшы журналды фотосуреті үшін сынап, оны «сұмдық» деп санады.
— Олар менің шашымды «өшірді», содан кейін басымда қалқымалы тәжге ұқсайтын бірдеңе пайда болды, тек өте кішкентай. Өте қызық! Мен ешқашан төменнен суретке түсіргенді ұнатпадым, бірақ бұл фото жай ғана қорқынышты және күлкілі. Олар не істеп жатыр және неге? — деп жазды Трамп Truth Social-да.
Еске сала кетсек, Газа секторындағы Израиль мен Палестина күштері арасындағы атысты тоқтату туралы келісім 10 қазан күні жергілікті уақыт бойынша түс кезінде (Астана уақыты бойынша 14:00) күшіне енді.
Келісімнің бірінші кезеңі бойынша Израиль «сары сызық» аймағына шегініп, Газа аумағының 58 пайызын сақтап қалады.