Трамп: «Trump card» алуға 15 мыңнан аса шетелдік өтініш берді

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың жаңа тұрғылықты тұру рұқсаты — «Trump card» деп аталатын картаны алуға 15 мыңнан аса шетел азаматы ниет білдірді, деп жазады ТАСС.

Дональд Трамп
Фото: whitehouse.gov

АҚШ билігі олардың есебінен бюджетке 75 миллиард доллар түсіреміз деп үміттеніп отыр. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді.

— Кеше кешкісін Trump card алу үшін өтініш беру сайты іске қосылғаннан кейін 15 мыңнан астам адам тіркеліп, күту тізіміне қосылды. Бұл — бюджетімізді теңгеріп, Американы нығайтуға жұмсалатын 75 миллиард доллар, — деді АҚШ президенті Truth Social желісінде.

Trump card алу жүйесі әлі жұмыс істемейді. Тиісінше, АҚШ үкіметі әзірге мұндай төлемдерді қабылдап жатқан жоқ.

АҚШ президенті наурыз айында Fox News телеарнасына берген сұхбатында бұл жаңа тұру рұқсаты түрінің «Trump card» деп аталуы мүмкін екенін айтқан болатын (ағылшын тіліндегі «trump card» тіркесі карта ойындарында «көзір карта» дегенді білдіреді). АҚШ әкімшілігінің басшысы бұл карталарды сатудан түсетін барлық қаражат АҚШ-тың 36 триллион доллардан асқан астрономиялық мемлекеттік қарызын азайтуға жұмсалатынын атап өтті.

Президенттің айтуынша, бұл тұру рұқсаты 5 миллион долларға сатылмақ.

— Айталық, біз оларды 1 миллион дана саттық делік. Бұл — 5 триллион доллар, — деді Ақ үй иесі.

Сондай-ақ, Трамп АҚШ билігі бұл карталарды сатып алатын шетелдіктерге қатысты қандай да бір елеулі шағым айтса, ақшалары қайтарылып, олардың өз еліне депортацияланатынын ескертті. Әрине, бұл картаны сатып алғысы келетіндер АҚШ арнайы қызметтері тарапынан «тиісті тексерістен» өтетінін де айтты.

Бұл жаңа карта шетелдік инвесторларға АҚШ-та тұруға рұқсат беретін EB-5 бағдарламасының орнын баспақ.

Бұдан бұрын хабарланғандай, АҚШ-тың апелляциялық соты Дональд Трамптың Associated Press (AP) агенттігінің журналистерін Ақ үй мен президенттік ұшаққа уақытша кіргізбеуіне рұқсат берді.

Соңғы жаңалықтар