Трамп UFC басшысы Дана Уайтқа Ақ үйдің баспасөз хатшысы болуды ұсынды

АСТАНА.KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп UFC ұйымының бас директоры Дана Уайтқа Ақ үйдің баспасөз хатшысы қызметін атқаруды ұсынды. Бұл туралы америкалық көшбасшы Truth Social әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Трамп UFC басшысы Дана Уайтқа Ақ үйдің баспасөз хатшысы болуды ұсынды
Фото: Jeff Bottari/Zuffa LLC

Трамп өз жазбасында Уайтты көрнекті күрескер әрі жауынгер деп атап, оған баспасөз қызметіне жетекшілік етуді ұсынған.

Сонымен қатар АҚШ президенті аралас жекпе-жектің танымал спортшыларын, соның ішінде Ислам Махачевті, Хабиб Нұрмағамбедовті, Джастин Гэтжиді, Дэниел Кормьені және Аманда Нуньесті жұмысқа тартуды ұсынды.

— Бізге бұл адамдар ессіз солшылдардан қорғану үшін қажет. Дана ешкімге ұқсамайтын баспасөз хатшысы болады. Дана, өтінемін, бұл қызметке келіс, — деп жазды Трамп.

Дана Уайт — Абсолютті жекпе-жек чемпионатының (UFC) бас директоры әрі Дональд Трамптың көптен бергі жақтаушысы. Ол президенттік науқандар кезінде де америкалық көшбасшыны бірнеше рет ашық қолдаған.

Бұған дейін Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэти Захария тағайындалғаннан кейін небәрі бес күн өткен соң қызметінен кеткені хабарланған болатын. Бұған оның журналистерге арналған алғашқы брифингіне қатысты сын және заң саласындағы біліктілігіне байланысты туындаған сұрақтар себеп болған.