Трамп UFC жекпе-жегі Ақ үй аумағында өтетінін хабарлады
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп UFC жекпе-жегі Ақ үй алаңында өтетінін айтты, деп хабарлайды ТАСС.

2026 жылы АҚШ-тың Тәуелсіздік декларациясының қабылданғанына 250 жыл толатынына байланысты Айовада сөйлеген сөзінде Трамп бұл датаға арналған мерекелік шаралар бүкіл елде болатынын жеткізді.
– Біз тіпті UFC жекпе-жегін ұйымдастырамыз деп ойлаймын, - деді Америка көшбасшысы.
Ол сондай-ақ UFC президенті Дана Уайтты ерекше атап өтті.
– UFC жекпе-жегін Ақ үйдің аумағында өткіземіз. Елестетіп көріңізші. Онда бізде көп орын бар, - деді Трамп.
Оның айтуынша, аталған жекпе-жекті тамашалауға 20-25 мың көрермен келеді.
Трамп жекпе-жек нақты қашан өтуі мүмкін екенін және оған кім қатысатынын айтпады. Ақ үйдің баспасөз пулындағы журналистер Америка әкімшілігінің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливиттің сөздеріне сілтеме жасап, Трамптың шынымен солай айтқанын хабарлады.