Трамп Украина бойынша келісімдерге қол жеткізу үшін 50 күндік мерзімді қысқартады

АСТАНА. KAZINFORM – Дональд Трамп Украинадағы реттеу туралы келісімге келу үшін бұрын Мәскеу мен Вашингтонға белгілеген 50 күндік мерзімді қысқартуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Kazinform ТАСС ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. 

Трамп
Фото: Anadolu Ajansı

– Мен осы 50 күнді <...> jодан азырақ санға дейін қысқартамын. Өйткені мен жауапты білемін деп ойлаймын, не болатынын білемін, - деді АҚШ президенті Тернберриде (Шотландия) Ұлыбритания премьер-министрі Кейр Стармермен кездесуде журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып. 

Сонымен бірге Трамп Украина бойынша келісімді 4-5 рет әзірлеуге болатын еді деген пікірін білдірді. 

– Мен президент Путинмен көп сөйлестім, онымен жақсы араластым. Біз мұны шештік деп талай рет ойладық, - дейді Ақ үй басшысы. 

Өз кезегінде Трамп жағдайдың қалай дамитынын жуық арада көретінін айтты. 

14 шілдеде Америка президенті егер Вашингтон мен Мәскеу 50 күн ішінде Украинадағы реттеу туралы келісімге келмесе, АҚШ Ресей мен оның сауда серіктестеріне шамамен 100% импорттық баж салығын енгізетінін жеткізді. Ол сондай-ақ егер Еуропа мұндай жеткізілімдерді төлейтін болса, Вашингтон Киевке қару-жарақ пен әскери техниканы беруді жалғастыру туралы шешім қабылдағанын тілге тиек етті.

– Бұл үдерісті үйлестіруді НАТО жүзеге асырады, - деп түсіндірді Ақ үй басшысы. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Трамп Таиланд пен Камбоджа премьерлерінің кездесуге келіскенін мәлімдегенін жеткізген болатын. 

Соңғы жаңалықтар