Трамп Украинаға келуі мүмкін: президенттер кездесуінің қорытындылары айтылды

АСТАНА. KAZINFORM — Дональд Трамп Владимир Зеленскиймен келіссөздердің қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясын аша отырып, олардың «өте жақсы кездесу өткізгенін» және «әжептәуір прогреске қол жеткізгенін» мәлімдеді, деп хабарлады DW басылымы.

Зеленский, Трамп, Путин
Коллаж: dialog.ua

«Біз Ресей мен Украина арасындағы келісімге қол жеткізуге барған сайын жақындап келеміз», деді Трамп.

Владимир Зеленскийдің айтуынша, АҚШ пен Украина арасындағы қауіпсіздік кепілдіктері 100 пайызға келісілген, ал АҚШ, Украина және Еуропа арасындағы қауіпсіздік кепілдіктері де дерлік толық келісілген.

Трамп Украина мен Ресей Донбасс мәртебесін реттеу мәселесіне «жақындап қалғанын» мәлімдеді, алайда бұл мәселе әлі де күрделі күйінде қалып отыр.

«Бұл мәселе толық шешілген жоқ, бірақ біз оны шешуге барынша жақындадық», деп жауап берді ол журналистің сұрағына.

Запорожье атом электр станциясына (ЗАЭС) қатысты АҚШ президенті бұл мәселені Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесу барысында талқылағанын және оның «Украинамен бірге станцияны ашу бағытында жұмыс істеп жатқанын» айтты.

Трамптың сөзінше, Ресей Украинаны қалпына келтіруге көмектесуге ниетті.

«Ресей Украинаның табысты болғанын қалайды», деді АҚШ президенті, сондай-ақ Путиннің «электр энергиясын өте төмен бағамен жеткізуге дайын екенін» атап өтті.

Ал ВВС-дің жазуынша, Трамп Путиннің «АЭС-ке зымырандармен соққы жасамағанын» атап өткен. Оның сөздерінен Ресей президентінің мұндай ұстамдылығын жоғары бағалайтыны аңғарылды.

Дегенмен Владимир Зеленский бұл тақырыпқа қатысты ешқандай пікір білдірген жоқ.

Соғыстың қашан аяқталуы мүмкін екені туралы сұраққа жауап берген Трамп оның «бірнеше апта ішінде аяқталуы мүмкін» екенін, алайда «мүлде аяқталмауы да ықтимал» екенін айтты.

Десе де «ең күрделі» деп саналатын қандай мәселе әлі шешілмей тұрғаны туралы сұраққа жауап берген Дональд Трамп бұл мәселе аумақтарға қатысты екенін айтты.

Оның айтуынша, Украинаға келісімді дәл қазір жасағаны тиімді, әйтпесе ол ел «тағы да жерінен және адамынан айырылуы мүмкін». Трамп Украина ерлікпен шайқасқанын атап өтіп, алайда «қақтығысты тоқтататын уақыт келді» деп мәлімдеді.

Сондай-ақ Трамп Украинаға келуге дайын екенін, бірақ алдымен келісім жасасуды жөн көретінін айтты.

АҚШ президенті бұдан бөлек, егер Владимир Зеленский мұның пайдасы тиеді деп есептесе, Украина парламентінде сөз сөйлеуге де дайын екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін Флоридада Трамп пен Зеленскийдің кездескенін жаздық.

Соңғы жаңалықтар